Басылымдардың мерейтойына арналған турнир

54

0

Басылымдардың мерейтойына арналған турнирӨткен
аптаның сенбісінде облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің
85 жылдығына орай шағын футбол мен бильярдтан турнир ұйымдастырылды. Оған
жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет етіп жүрген журналистер
қатысты.

Қызылорда
қаласындағы «Петро Қазақстан» спорт кешенінде өткізлген шағын футбол сайысы
облысымызға белгілі қаламгер Әділхан Байменовті еске түсіруге арналды. Аймақтың
журналистика саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған абзал азамат көп жылдар
бойы «Сыр бойы» газетінде еңбек жасап, оқырман қауымға сүбелі туындыларын тарту
етті. Олардың арасында спорт тақырыбындағы мақалалар саны да аз емес еді. Шағын
футбол турнирінде барлығы бес команда бақ сынады. Атап айтқанда,
«Қазақстан-Қызылорда», «Қоғам ТВ», «Баспасөз қызметі», «Меншікті тілшілер» және
«Сыр медиа» командалары өзара шеберлік байқасты. Жарыстың ашылу салтанатында
облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Руслан Рүстемов өңірдің
тыныс-тіршілігін толыққанды көрсетуде ұзақ жылдар бойы оқырман ықыласына
бөленіп келе жатқан басылым қызметкерлерін мерейтойымен құттықтап, жарысқа
қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, кезінде Ә.Бәйменовпен қатарлас қызмет
еткен Жолдасбек Ақсақалов, туысқаны Ақпантай Пірназар абзал азамат жайында жылы
лебіздерін білдірді. Турнирде «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының командасы
жеңімпаз атанса, одан кейінгі орындарды «Меншікті тілшілер» және «Баспасөз
қызметі» өзара бөлісті. Оларға жүлделерді «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол
Оңғарбаев табыс етті.
 «Ақниет»
мейрамханасының бильрд залында дәл осы күні тағы бір турнир өтті. «Сыр бойы»
газетінде басшылық қызметтер атқарып, басылым беделінің өсуіне үлес қосқан
азамат Оразбек Мақсұтұлын еске түсіруге арналған турнирге қатысушылар бильярд
спортынан сайысқа түсті. Жарыстың ашылу салтанатында қаламгердің әріптестері –
Әскербек Рақымбекұлы мен Алдажар Әбілов, жұбайы Бибігүл естелік әңгімелер
айтты. Осыдан кейін тастаяқ ойынын шебер меңгерген журналистер өзара шеберлік
байқасты. Олардың арасынан республикалық «24 kz» телеарнасының облыстағы
өкілдігінің маманы Ержан Батыршаев мергендік танытып, қарсыласының барлығынан
айласын асырып кетті. Осылайша ол турнирдің бас жүлдесіне ие болды. Одан
кейінгі орындар «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының операторы Алмат Меңдібаев
пен «Сыр медиа» ЖШС қызметкері Жомарт Тілеужанның еншісіне бұйырды. Жеңімпаз
және жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды. 
 
Ә.ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз