Батыр атындағы көшеде шағын аудан бой көтереді

34

0

Батыр атындағы көшеде шағын аудан бой көтередіБейсенбіде Қызылордада ұшқындаған қар жақсы жаңалығын ала келді. Қыстың сәнін келтірер табиғаттың тартуы Сыр топырағын сүйген сәтте облыс орталығындағы Жаппасбай батыр көшесі бойында 170 пәтерлік тұрғын үйдің кірпіші қаланды. Игі іске облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, құрылысшыларға сәттілік тіледі.
– Аймағымызда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Екі жыл ішінде Қызылорда қаласындағы үй кезегіндегілердің 28 пайызы баспаналы болды. Салынған жаңа үйлерге 7000 отбасы қоныстанды. Бұл дегеніңіз бір ауданның халқымен тең. Қысқа мерзім ішінде осындай жетістікке жетуімізге тынбай еңбек етіп жатқан құрыш қолды құрылысшыларымыздың қосқан үлесі орасан. Қазіргі таңда тұрғын үй құрылысында 18 мың адам жұмыс жасауда. Алдағы уақытта өзеннің арғы бетімен байланыстырар көпір пайдалануға берілсе, жаңа қаланың құрылысын бастаймыз. Оның инфрақұрылымы үшін 174 млрд теңге бөлінуде. Демек, құрылысшыларымызды ауқымды жұмыс күтіп тұр. Мен сіздерді үй емес, болашағымызды салып жатыр деп есептеймін, – деді аймақ басшысы.
Аталған тұрғын үй құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Оның 80 пайызы «Самұрық қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ тарапынан бөлінсе, 20 пайызы «Бақ береке-2030» ЖШС есебінен. Яғни, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жүзеге асырылады. 
Салтанатты шараға ортақтасқан «Самұрық қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарма төрағасы Бауыржан Мамытәлиев те жақсы істің жалғасын табатынын айтып, құттықтау сөзін арнады. Ол өз сөзінде құрылыстың «Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып, сонымен қатар қазіргі күні 15 құрылыс бекеті жүргізіліп жатқанын айтты.
Сонан соң, облыс әкімі мен мәртебелі мейман үй іргетасына уақыт капсуласын салып, алғашқы кірпішін қалап берді.
Расында, батыр атындағы көшенің бұл тұсынан шағын аудан бой көтереді. Яғни, 15 тұрғын үй, 840 орындық мектеп, 150 орындық балабақша салынатын болады. Кірпіші қаланған 170 пәтерлік тұрғын үй бес қабатты. Оның 100 пәтері 2 бөлмелік болса, 70 пәтері 3 бөлмелік. Құрылыс жұмысы келер жылдың маусым айында аяқталады деп жоспарлануда.
Нағымжан САУЯЕВ,
Бағдат ЕСЖАНОВ (сурет).
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз