Байқоңырдағы 6 қазақ мектебі мен 1 балабақша қазақстандық стандартқа толық көшеді – Б.Сағынтаев

32

0

Байқоңырдағы 6 қазақ мектебі мен 1 балабақша қазақстандық стандартқа толық көшеді - Б.СағынтаевБүгін Байқоңыр қаласында «Байкоңыр» кешеніне қатысты Қазақстан-Ресей
үкіметаралық комиссия отырысы өтті. Оған ҚР Премьер-Министрінің бірінші
орынбасары Бақытжан Сағынтаев, Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары
Дмитрий Рогозин, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлады.

Комиссия
отырысында тараптар Байқоңыр қаласы мен Ақай, Төретам елді мекендерін
дамыту, ондағы әлеуметтік саланы жандандыру, «Байқоңыр» кешенін бірлесіп
пайдалану бойынша Жол картасының орындалу барысын талқылады. Жиыннан
соң ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев
журналистерге сұхбат беріп, талқыланған мәселелер жөнінде баяндап берді.

– Білім беру, денсаулық сақтау салаларында бірқатар мәселелер болды.
Осы жиын барысында оң шешім табуға қол жеткіздік. Мәселен, Байқоңырдағы 6
қазақ мектебі мен 1 балабақша қыркүйек айында қазақстандық стандартқа
толық көшеді. Ал перзентхана бойынша құжаттарға байланысты кемшіліктер
болып тұр. Екі ай ішінде бұл мәселелер қаралады. Егер Ресей тарапынан
қолдау таппаған жағдайда өзіміз қаржыландырып, перзентхананы іске
қосатын боламыз, – деді Б.Сағынтаев.

Сондай-ақ «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінің бірлескен жобасы
талқыланды. 2021 жылы бұл кешеннің құрылысы басталады. Оған дейін
қажетті мамандар даярланатын болады. Айта кетейік, ғарыш кеңестігіне
үшінші Қазақстан азаматын ұшыру жөнінде екі тарап келісімге келді. Енді
оның уақытын Ресей тарапы белгілейтін болады.

Туризм саласын дамыту мәселесі де сөз болды. Ғарыш кеңестігі мен
Қорқыт ата кешеніне туристерді көптеп тарту мақсатында жобалар
дайындалады. Бұл салада бірлесіп атқарар жұмыс ауқымды.

Кездесу нәтижесінде тараптар Қазақстан мен Ресей ғарыш саласында
ынтымақтастықты әлі де тереңдете түсуге ынталы екенін атап өтті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз