BEK AIR жолаушысы: Ұшақ қонған соң, бізге жүгіріңдер деді

32

0

BEK AIR жолаушысы: Ұшақ қонған соң, бізге жүгіріңдер дедіАстанаға апатты жағдайда қонған Bek Air ұшағының жолаушысы, запастағы
генерал-майор, интернационалист жауынгер Әлімжан Ерниязов бортта болған
жағдайларды түсіндірді деп хабарлайды bnews.kz.
    «Ұшақ үшінші айналымға көшкенде, өзеннің үстінен үшінші рет
өткенімізді байқадым. Бірден төтенше жағдайдың болғанын сездім. Арада
бірнеше минут өткенде экипаж мүшелері апатты жағдайда қонатынымызды
хабарлады. Жолаушылар шу көтермей, сабыр сақтап отырды. Ұшақ жерге қатты
соғылған жоқ, тек командирдің тежегішті бірден іске қосқанын сездік.
Бәлкім, жолаушылардың ішінде жүйкесі сыр бергендер бар болар, алайда,
ешкім жараланған жоқ. Салонда қызмет етіп жүрген стюардессалар мен
стюардтардың арқасында бортта шу көтерілген жоқ. Олар бізге нені қалай
істеу керек екенімізді баппен түсіндірді. Тіпті, ұшақтың алдыңғы
шассиінің ашылмай қалғанын білген де жоқпыз. Ұшқыштар артқы шассидің
көмегімен ұшақты шебер қондыра білді. Ұшақ қонған соң шығатын есікке
қарай жүгіріңіздер деді. Нұсқаулық бойынша мұның дұрыс не бұрыс екенін
білмеймін, жолаушылар бірін-бірі соғып, есікке қарай жапа-тармағай
жүгіре жөнелді. Біз, ересек кісілер, жолаушылардан тынышталуды,
асықпай-аптықпай шығуды, әуелі балалар мен әйелдерді өткізіп жіберуді
сұрадық. Осыдан кейін олар тынышталып, ұшақтан байыппен түсті», – дейді
Ерниязов.
    Оның айтуынша, ұшақтың жеңіл қонуы үшін әуежай қызметінің атқарған жұмысы орасан.
    «Ұшақ жерге қонған соң әйелдер ұшқышты марапаттау туралы петиция
жазды. Экипаж, бортсеріктер және әуежайдың қауіпсіздік қызметтері
үйлесімді жұмыс істеді. Біз жерге қонған уақытта арнайы техникалар
ұшақпен қатар жүріп, көбік шашып отырды. Осының арқасында ұшақтан өрт
шықпай, жеңіл қонды деп ойлаймын. Әрине, аздап қорыққанымыз рас, алайда,
бар сезімімізді іште сақтап, барынша салқынқандылық таныттық», – дейді
запастағы генерал-майор.
    Әлімжан Ерниязов борттағы жолаушылардың жағдайын білу үшін көп
ұзамай, Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев пен әуежай
басшылығы жеткенін айтты.
    «Бірнеше минут бұрын багаждарымызды алдық. Бізді ұшақ бортына
кезек-кезек апарып, жүктерімізді түсіріп берді. Айта кету керек, әуежай
басшылығы мен министр Әсет Исекешев шамамен жарты сағат өткенде жетті.
Министр оқиғаға қатысты барлық сұрақтарға жауап беріп, жүктерін алған
жолаушыларды әуежайда ұстамай, жібере беруге тапсырма берді. Мен
интернационалист жауынгермін, кезінде Ауғанстандағы соғысқа қатысқан
адаммын. Сол себепті борттағы жолаушылардың не сезінгенін жақсы
түсінемін. Бәрінен бұрын ұшқышқа мың алғыс, ауыр жағдайда төзімділігі
пен шеберлігін көрсете білді. Бауыржан Момышұлы: «қорықпаған батыр емес,
қорқынышын жеңе білген батыр» – деген. Ұшқыштар жарады!», – дейді ауған
соғысының ардагері.
    Еске сала кетейік, кеше таңғы сағат 10:36-да Bek Air
әуекомпаниясына қарасты Қызылорда-Астана бағытындағы ұшақ апатты
жағдайда жерге қонған болатын.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз