Беймезгіл уақытта қыдырған мектеп түлектерінің ата-аналарына шара қолданылады

47

0

Беймезгіл уақытта қыдырған мектеп түлектерінің ата-аналарына шара қолданыладыҚазіргі таңда барлық білім беру орындарында өткізілетін «Соңғы қоңырау»
салтанатынан кейін мектеп бітіруші түлектердің автошеру ұйымдастырып,
автокөлік жарыстыруы дәстүрге айналып барады. Бұл тек жолдағы
кедергілерге ғана емес, жол қозғалысына қатысушы басқа да тұлғалардың
қауіпсіздігіне кері ықпал етіп, апаттылық жағдайдың жоғарылуына себеп
болып отыр. Осыған орай, Қызылорда қаласындағы №101 орта мектептің
мәжіліс залында Қызылорда облысы ішкі істер департаменті бастығының
орынбасары, полиция полковнигі Ә.Шаймағамбетовтің, Қызылорда қаласы
әкімінің орынбасары Ж.Базартайдың, облыстық білім саласындағы бақылау
департаментінің басшысы М.Шермағамбетовтің, облыстық білім басқармасы
бастығының орынбасары Р.Чагайдың төрағалығымен және қалалық ішкі саясат
бөлімі мамандарының, мектеп директорлары мен ата-аналар комитеті
мүшелерінің, сынып жетекшілері мен ұстаздар қауымының, полиция
қызметкерлерінің қатысуымен жиын болып өтті. Бұл туралы Қызылорда ОІІД
баспасөз қызметі хабарлады.
    Жиында бітіруші түлектердің автошеру өткізуіне тыйым салу,
жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолдағы апаттық жағдайдың
алдын алу мәселелері қозғалды. Бірінші болып сөз кезегін алған
Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ж. Базартай оқу жылының аяқталуына
байланысты қала мектептерінде өткізілетін соңғы қоңырау, Ұлттық бірыңғай
тестілеу, бітіру кештеріне қатысты өткізілетін іс-шаралар барысында
балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірлесіп жұмыстар
жасап, соңғы жылдары бәсеке мен дабыраға айналған автошеру мәселесіне
тоқтам салу қажеттігін сөз етті.
    Одан кейін сөз тізгінін ОІІД бастығының орынбасары, полиция
полковнигі Ә.Шаймағамбетов алып, 25 мамыр – «Соңғы қоңырау» күні
қарсаңында департамент басшылығы қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық
қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында арнайы жоспар жасап,
қызметкерлерге нақты тапсырмалар бергендігін және сол күні тәртіп
сақшылары қызметтің күшейтілген жүйесіне көшетіндігін хабарлады. Сонымен
қатар, бітіру кештері кезінде мектеп бітірушілердің беймезгіл уақытта
көшеде жүруіне жол берген ата-аналарына қатысты жаңа заң талаптарына
сәйкес шара көрілетінін ескертті. Ә.Шаймағамбетовтің сөзін жалғай келіп,
облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Р.Чагай барлық мектеп
директорлары мен ата-аналар комитетіне іс-шаралар кезінде бала
қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі жөнінде ата-аналар мен оқушыларға
тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізулерін тапсырды. Аталмаш іс-шаралар
кезінде автошеруге жол берген мектеп басшыларынан қатаң сұраныс болатын
ескертіп өтті.
    Жиын соңында жиналғандар күн тәртібіндегі тақырып төңірегінде пікір
алысып, ұсыныстарын білдірді. Жиын жасөсіпірімдер қауіпсіздігін
қамтамасыз етіп, тәртіпсіздіктің алдын алу бағытында бірлескен түрде
тиісті шаралар атқаруға ұйғарым жасалынып, қорытындыланды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз