Биыл қызылордалық оқушылардың 93 пайызы жазғы лагерлерде демалады

48

0

Биыл қызылордалық оқушылардың 93 пайызы жазғы лагерлерде демаладыҚызылорда облысында 1-10 сынып аралығында 11 2571 оқушы болса, соның 93
пайызы биыл жазғы демалыс орындарымен қамтылады. Бұл туралы облыс әкімі
Қырымбек Көшербаевтың төралығымен өткен мәжілісте айтылды, деп хабарлады
облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Облыста балалардың жазғы
демалысы жыл сайын қала сыртында, мектеп жанындағы күндізгі тынығу
лагерлерінде, оқушылар үйіндегі дебаттық клубтар мен аула клубтарындағы
үйірмелер және спорттық секцияларға қатысу, көркейту-көгалдандыру,
құрылыс-жөндеу бригадаларына тарту, тарихи орындарға саяхат түрінде
ұйымдастырылып келеді.

Аймақ көлемінде қала сыртындағы 9 лагерь бар. Оқушылар соңғы екі
жылдан бері Жаңақорған ауданында орналасқан «Облыстық олимпиадалар және
қосымша білім беру орталығында» демалдырылуда. Биыл оның қатарына
«Қамбаш» оқу-сауықтыру орталығы қосылып отыр. Екі нысан жыл он екі ай
жұмыс жасайды. Яғни, үш ай демалыста балалар тынықса, қалған уақытта
оқушылар білімдерін жетілдіреді.

– Қазіргі таңда орталықта 400 оқушы ҰБТ-ге дайындықтан өтті. Бұл
облыстағы мектеп оқушыларына жасалған үлкен қамқорлық деп білемін. Қала
және аудан әкімдіктері мен білім бөлімдері, балалардың жазғы демалысын
ұйымдастырудың іс-шара жоспарына сәйкес белгіленген жұмыстарды уақытылы
және сапалы ұйымдастырылуына үлкен жауапкершілікпен қараңыздар, – деді
облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Алдағы уақытта қала сыртындағы және облыс аймағынан тыс орналасқан
балалардың жазғы тынығу лагерлерінде 3862 оқушыны жергілікті кәсіпкерлер
мен ірі кәсіпорындар өз демеушілігі есебінен демалуын ұйымдастыруды
жоспарлауда. Сонымен қатар мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагелерінде
жалпыға міндетті оқу қоры есебінен 48 565 оқушы демалдырылады деп
күтілуде.

Екі жыл қатарынан өңіріміздегі аз қамтылған, жетім және ата-анасының
қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі
мұқтаж отбасылар балалары бюджеттен тыс қаржылар көзімен басқа
облыстардың лагерлерінде демалдырылды. Осы жылы бұл мәселе жоғарыда
көрсетілген мекемелер арқылы біршама оң шешімін таппақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз