БІР ЖҰЛДЫЗ БОЛЫП ЖАНАМ МЕН…

243

0

Биыл – Бөгеннен ұшқан бұлбұл ақын, жазушы Зейнолла Шүкіровтің дүниеге келгеніне 90 жыл. Өз заманында жұртым деп ақ парағы мен қара сиясын жанына серік еткен, ғылымның сан арнасынан хабардар болған Зейнолла Шүкіров – тек Сыр елінің ғана емес, барша қазақ жұртының мақтанышы. Ол 1927 жылы Арал ауданы, Бөген ауылында туған. Бала кезінен шығармашылыққа жақын өскен оның алғашқы жинағы 1955 жылы «Менің достарым» деген атпен оқырманға жол тартты. Одан кейін адамгершілікті, адал махаббат пен шынайы сезімді суреттейтін «Теңіз жырлары», «Арал дәптері», «Сағыныш» атты өлең кітаптары, сондай-ақ, Арал балықшыларының ауыр тіршілігін, өмірін бейнелейтін «Тоғысқан тағдырлар», бүгінгі замандастар келбетін ашатын «Сырлы дүние хикаялары», «Ізгілік іздері», «Қиын түйін» повестері мен «Отты өткелдер» атты романы жарық көрді. Сонымен бірге, ақынның өлеңдері мен поэмалары 1977 жылы «Таңдамалы шығармалар» деген атпен жарыққа шықты. Мұнан бөлек ол көркем аудармамен де айналысты. Орыс ақыны Ф.И.Тютчевтің «Жартас пен теңіз» атты жыр жинағын қазақша сөйлетті. 
Жазушы ел аралап, жер шарлап, емін-еркін жүре алмаса да, Сыр бойының тұнған тарихын үйде жатып-ақ  зерттеп, зерделеп, жинақтай білді. Көп жылғы еңбегінің нәтижесін «Сыр бойы» атты ел тарихын толғаған әңгімесінен көреміз. Осылардың барлығын тізбектесек Бөгеннен ұшқан бұлбұл ақын З.Шүкіров қалың оқырманға отызға жуық кітап ұсынған екен. Бүгінде ақынның өлеңдерін жастар жатқа айтып, сахна төрінде жырға қосып жүр.
Оның туындыларын ұрпаққа дәріптеу мақсатында – сәрсенбі күні А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Бір жұлдыз болып жанам мен…» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. 
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен мәдени-продюсерлік орталығы «Халық шығармашылығын дамыту» бөлімінің ұйымдастыруымен өткен мүшәйраға облыс бойынша 18-40 жас аралығындағы 16 ақын қатысты. Онда талапкерлер Зейнолла ақынның шығармашылығынан үзінді оқып және бұрын еш жерде жарияланбаған тақырыптағы (өз таңдауы бойынша) жаңа өлеңдерін ұсынды. 
Үміткерлердің өнерін бағалау кезінде ақынның өлең мағынасының тереңдігі, сөз тапқырлығы, шумақ ұйқасының күрделілігі, тақырыптың ашылуы, идеялық мазмұны, ой мен қиялдың ұшқырлығы, көркем ой табуға ұмтылуы және өлеңін жатқа айтуына баса назар аударылды. Қазылар алқасының шешімімен мүшәйраның бас жүлдесін қызылордалық ақын Биболат Сәтжанов жеңіп алды. Сыр бойының жас ақыны Ұлықбек Тәңірбергенов І орынды иеленді. Ал Шиелі ауданының жас ақыны Ержігіт Бекжан, Қармақшы өңірінің тумасы Айбану Қалиева мен Сырдария ауданынан келген Ақтөре Ибрагимұлы келесі жүлделі орындарды өзара бөлісті. Мұнан бөлек, көрермендерге таптымды жырдан шашу шашқан басқа да ақындар түрлі номинация бойынша марапатталды. Шара соңында ұйымдастырушылар жеңімпаздарға дипломдар табыстап, бағалы сыйлықтар үлестірді.
– Қазақ поэзиясының дамуына мол үлес қосқан ақынды еске алуға арналған шаралар осымен толастамайды. Алдағы уақытта ақынның туған жері – Арал өңірінде ақындар айтысын өткізілу жоспарда бар. «Бір жұлдыз болып жанам мен, бір жұлдыз болып қалам мен!» – деп, ақынның өзі айтқандай, әр келген жаңа ұрпақ қайсар ақынды оқи отырып, оны жаңа қырынан таниды, оның өлеңдеріне, өмір жолына басқа көзбен үңіледі. Қорыта айтқанда қазақ әдебиеті тарихында З.Шүкіровтің ақындық рухы ұрпағымен мәңгі жасай бермек, – дейді Халық шығармашылығын дамыту бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Байзақова.
Н.ҚАЗБЕКОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз