
Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен жылы бұған жауапты мекеме 2012 жылы қиын жағдайды басынан өткерді. Қытымыр қыста жер қабатының екі метрден астам тереңдікке дейін қатып, тоңға айналуы салдарынан сыртқы, негізгі магистральді құбырлар жарылып, ақау түсуінен қыс соңында ауданда ауыз су проблемасы туындаған болатын. Кезек күттірмейтін маңызды іс облыс әкімдігінде арнайы мәселе болып қаралып, 5 мердігер компанияның күшімен шұғыл жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан басқа «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбыр мекемесіне жарылған құбырларды жөндеуге, аудандық бюджеттің төтенше жағдайлар қаражатынан 4 млн теңге көлемінде қаржылар беріліп көмек көрсетілді. Қазір республикалық бюджеттен бөлінген 7,7 млрд.теңгеге 11 мердігерлік мекеме жалпы ұзындығы 192 825 метр болатын жаңа, негізгі су құбырын салу жұмыстары толық аяқталып, іске асты. Бұрын соңды, бірінші желі он жылда салынған болса, екінші желі бір жылда салынып пайдалануға берілді.