БІРЛІКТІ ЕҢБЕК – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

144

0

Кеше аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев өңірдегі Аққыр, Жаңаталап, Мақпалкөл, Мәдениет, Мырзабай, Таң, Бұқарбай батыр елді мекендерін аралап, елдің тыныс-тіршілігімен танысты.
Бүгінгі таңда жергілікті әкімдерге негізінен үш талап қойылып отыр. Біріншіден, олар жұмыссыздық мәселесін түбегейлі жоюы тиіс. Екіншіден, салық базасын ұлғайтуға жұмыс жасайды. Үшіншіден, елдегі саяси тұрақтылықты сақтауға міндетті. Аудан әкімі ауылдағы ағайындармен кездесу барысында осы талап үдесінен шығу басты мақсат екендігін айтып өтті.
– Қай деңгейдегі әкім болмасын, аталған негізгі үш бағыт бойынша нәтиже шығаруға күш салады. Қазіргі күні жұмыссыздықты жоюдың тетігі кәсіпкерлікпен тығыз байланысты. Сондай-ақ, салық түсімін ұлғайту үшін де шағын және орта кәсіпкерлік дамытуға мүдделіміз. Егер де жұмыссыздық жойылып, елдің еңсесі көтерілсе, экономика алға басса, қоғамдық саяси ахуал тұрақты болады, – деді Қайратбек Әубәкірұлы кіріспе сөзінде.
Жалағаш өңірі – киелі мекен. Талай майталман тұлғаларды тудырған, халқының қалаулысы болған марғасқаларды түлеткен жер. Ауылдарды аралау сапарын Аққырдан бастаған аудан басшысы кездесулерде жақсылар мен жайсаңдар жайына кеңінен тоқталды. Олардың салихалы, сауапты, өнегелі істерін бүгінгі ұрпақ жалғастыруға, діңгегі берік дәстүр одан әрі өрісін кеңейтуге тиіс екендігін тілге тиек етті. Күріштің отанына айналған мекеннің әрбір азаматы еңбектің ерен үлгісін көрсетуге ұмтылса ғана елге береке қонатынын айтып өтті.
– Қазақта “Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, береке кетсе не қалар?” деген сөз бар. Берекенің бастауы – бірлікте, еңбек етуде. Жасыратыны жоқ, жалқаулықты жар көрген жерлестеріміз кездеспейді емес, кездеседі. Мал бағып, есігінің алдына бау-бақша өсірмесе, қаз-үйрегін шулатып, жұмыртқасын жеп отырмаса, нанын табаға көміп жемесе, онда ауылда тұрып не керек?!. Қазір, Аллаға шүкір, мемлекет бар-жағдайды жасап отыр. Қандай кәсіппен айналысам десең де, жеңілдетілген несиелер, гранттар, төленетін субсидиялар бар. Оларды, ең бірінші, ауылдық жерлер пайдалану керек. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында ізденген жанға көптеген жобаларды жүзеге асыруға болады. Бүгінгі күні Қытай, Иран мемлекеттерінің Сырдағы қой етіне сұранысы артып отыр. Ол көрсеткіш жоғарыламаса, төмендемейді. Сондықтан, мал шаруашылығын қолға алам деушілер тәуекел етуден қорықпау керек, — деді аудан әкімі.
Елдің ертеңі – жастар. Бүгінгі ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына алдымен аға буын жауапты. Сондықтан, білім беру саласына тынымсыз ізденіс керек. Аудан басшысы елмен жүздескен сәтте өңірдің бұл орайдағы бағындырған биіктері көңіл қуантатынын айтып өтті. Сондай-ақ, ынтымағы жарасқан жұртқа жөн сілтер, дуалы ауызды ардагер ағалардың еңбегіне ерекше тоқталды.
— Мемлекеттік қызметші, оның ішінде әкім болуды ешкім оңай деп айта алмайды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жыл басынан бері аудан, ауыл әкімдерінің үш мәрте атқарған жұмыстарын тыңдады. Әрине, жұмысына жауапкершілікпен қарап, адал қызмет еткендер елдің батасын алады. Бұл орайда ауыл ақсақалдарын қолдауы аса қажет-ақ, — деді аудан әкімі.
Аудандағы елдімекендерде бұған дейін атқарылған жұмыстар қатары ауқымды. Әрине, бұл түйіткілді тұс жоқ дегенді білдірмейді. Аудан әкімімен жүздесуде елді мекендер тұрғындары өздерін толғандырған жайттарды жеткізді. Мәселен, Аққыр ауылында ауыз су мәселесі шешілмеген. Сондай-ақ, бау-бақша өсіруге қажет аяқ су да келмей отыр. Мәдениет пен өнердің ордасына айналуы тиіс клуб та жоқ. Одан әрі жалғастырсақ, Мәдениет ауылы ауруханасының жылыту жүйесі толыққанды іске қосылмаған. Ал, Мырзабайда әкімдік ғимараты, ауылдық клуб салынбай келе жатқанына біраз жылдың жүзі болған. Күн жауса ми батпаққа айналар көшесі бар ауылдар  болса да жетеді. Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев елдімекендер мәселесін шешу өз ретімен жүзеге асатынын, бәрін бір сәтте іске асыруға аудан бюджетінің шамасы келмейтінін айтты.
– Осы жылы Жалағаш ауданының бюджеті 7,2 млрд теңгені құраған. Оның 1,2 млрд теңгесі ғана ауданнан түсіп отыр. Яғни, проблемаларды шешу үшін облыстық, республикалық бюджеттен қаржы тартуға бар күшімізді саламыз. Жалғыз ауылдарда емес, Жалағаш кентінің өзінде шешімін таппаған жайт көп. Мәселен, аудандық аурухана жайы. Өздеріңіз білесіздер, ауданда өндіріс орындары жоқтың қасы. Десе де, ауыл шаруашылығы саласын өркендету арқылы ынтымақпен еңбек етсек, ырысымыз артары сөзсіз, — деді аудан әкімі.
Ауданымыздағы Таң ауылында атқарылып жатқан жұмыстар көңіл қуантады. Өйткені, қолға алынған жобалар қатары қалың. Туған ауылын түлетуге кіріскен “Таң ЛТД” ЖШС басшысы Имамзада Шағыртаевтың бастамалары көпке үлгі. Аудан әкімі бұл орайда Елбасының туған жерге тағзым етудегі тапсырмаларын тілге тиек етті. Алдағы уақытта жалғыз Таң емес, басқа ауылдардың да түлектері туған жері үшін аянбай еңбек етуге тиістігін жеткізді.

Н.САУЯЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз