БӘСЕКЕГЕ БЕЛСЕНДІ

162

0

Шиелі ауданындағы ірі шаруашылықтың бірі – Ақмая шаруа қожалығы егін орағын асқан ұйымшылдықпен өткеруде. Биылғы шаруашылық жылында Ақмая 1400 гектар жерге күріш дақылын орналастырса, оның әрқайсысынан орташа 71 центнерден өнім келтіріп, Шиелі ауданы бойынша чемпион атанды, арнайы сыйлықпен марапатталды. Сондай-ақ, 1000 гектарға таяу ескі жоңышқадан да мол өнім жиналды. Оның да орташа түсімі көңіл қуантады, 60 центнерден жоғары. Құнарлы шөптің дені базға тасылынып алынды.
Ауыл тұрғындарын мейлінше молырақ жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында жалпы егіспен қатар мұнда жылдағыдай, 140 гектардай жерге көкөніс пен бақша дақылдары орналастырылды. Аталған алқапта жүзден астам отбасы мүшелері еңбек етіп, қажетті өнімдерін жинап алды. Олар осылай өз нәпақасын адал бейнетпен ажыратып, тірлік етуге қалыптасқан.
– Еліміз үшінші жаңғыру барысында бәсекелестік қабілеттілігін шыңдай түсуде. Бұл бәрімізге де қатысты. Оған төтеп беру үшін, әрине, жаңаша жұмыс ұйымдастыра білу қажет. Біз өз төралқамызбен ақылдаса отырып, үнемі жаңаша ізденіс пен жаңа технологияны пайдаланамыз. Біздегі табыс сыры осында, – дейді шаруашылық басшысы, аудандық мәслихат депутаты Дәулет Жұмбеков өз сөзінде. – Осы жолмен өнімді мол әрі сапалы алып келеміз. Әрине, басты міндет – ауыл адамдарын жұмыспен қамту, олардың бір-біріне деген құрметін арттырып, белсенді еңбек арқылы еліміздің дамуына үлесін қосқызу. Бұл мәселе бізде жолға қойылған, – деді ол. Расында, шаруашылықтың мамандарымен күрішші, звено жетекшілері, механизаторлары  ынтымақты еңбек етіп келеді. Тәжірибелі бригадирлер Гүлсім Дәрібаева, Сейілбай Сембековтерге ілескен жас мамандардың да еңбек ету қарқыны жоғары екендігі жуырдағы ауданның «Алтын күзінде» орынды бағаланды.
Ақмая шаруа қожалығындағы тағы бір қуанарлық нәрсе – жоғарыда аталып өтілгеніндей, ондағы техникалар қатарының  жылда жаңаланып тұруы дер едік. Бұл орайда шаруашылық басшысы жаңашылдық қасиетін аңғартты. Жаңа жарақтармен жабдықталған қуатты техникалар тәжірибелі механизаторлар Ермекбай Ибрагимов, Бағдат Шегебаев, Бақыт Сандыбаев, Ғани Барлыбаевтарға беріліп, еселі еңбектің тірегіне айналды десек болады.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты маңызды мәлімдемесін басшылыққа ала отырып, өмірдің жаңалығын бұрынғы дәстүрмен жалғастырған шаруашылық басшылары баянды еңбек етудің тиімді тәсілін тапқандығымен сыйлы.
Иә, бірлік пен ынтымақ бар жерде, еңбек өнімділігі мен межелі асудың алынары белгілі.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Шиелі ауданы,
Ақмая ауылы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз