Біздің телевизияда қайдағы жоқ жеңіл хабарлар көбейіп кетті – Н.Омашев

77

0

Біздің телевизияда қайдағы жоқ жеңіл хабарлар көбейіп кетті – Н.Омашев Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялаған болатын. Осыған байланысты филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Сөздің шыны керек, әрқайсымыз идеология туралы сөйлеген кезде идеологиялық жұмысымыздағы кемшілікті мойындайтынбыз. Өзіміз осы салада жұмыс істеп жүрміз. Жалғыз мен ғана емес, Мырзатай ағамыз (Жолдасбеков – автор): «Идеологиялық жұмысымызда кетіп жатқан кемшіліктерімізді жауырды жаба тоқып, айтпай кетуге болмайды» дейді. Қазақта «ауруды жасырсаң, өлім әшкере қылады» сөз бар. Президенттің бүгінгі мақаласындағы айтылған ойларды пайдалану арқылы біз идеологиялық жұмысымыздағы кемшіліктерді жоюға атсалысуымыз керек», – деді ол.
Осыған байланысты ғалым журналистика саласындағы кемшіліктерге тоқталды.
«Мен осы журналистикамызда жіберіп жатқан кемшіліктерімізді әмсе-ақ айтып жүрмін. Сонда мақсатым атымды шығару емес. Журналистика – үлкен дүние. Билік пен халықтың арасын байланыстырушы, саясатқа ықпал ететін, келешек бағдарымызды анықтайтын, көп мәселе осы журналистикада айтылады. Өкінішке қарай, әсіресе біздің телевизиямызда рейтинг қуу, қайдағы жоқ жеңіл хабарларға әуестену, ыржықай-тыржықай хабарлардың көбейіп кетуінен қоғамдық мәні бар, бағыт бағдар беретін, ұлттық, мемлекеттік мәселелерді талқылайтын, көпшілікке ой салатын, мәселені шешудің жолдарын көрсететін материалдарды аз беретін болдық», – деді ол.
Сонымен қатар, Намазалы Омашев аталмыш рейтингтер жүргізілген уақытта қазақ аудиториясының қандай дүниелерді қалайтыны ескерілмейтіндігін алға тартты.
«Біз бұл рейтингтің қалай жүргізілетінін білеміз. Ол көбісіне қазақ аудиториясынан тыс жерлерде жүргізіледі. Елімізде осы көңіл көтеруден басқа проблема қалған жоқ па? Біздің мемлекеттік, ұлттық проблемамыз бар. Осының бәрі назардан тыс қалады да, жаңағы жеңілтек хабарларға әуестенеміз. Яғни журналистика көңіл көтерудің құралы болу керек деген түсінік қалыптасады», – деді профессор.
Сөз соңында ғалым Елбасының идеологиялық жұмыстарды жүргізген уақытта БАҚ-қа артылған міндеттің маңызы зор екендігін тілге тиек етті.
«Әрине, осы мәселеге келгенде біздің бұқаралық ақпарат құралдары саласына Президент ерекше екпін түсіріп айтып отыр. Осы мәселенің барлығы жүйелі түрде БАҚ-та берілуі тиісті. Ол үшін кешенді бағдарламалар жасалуы керек», – деді Намазалы Омашев.
Дәурен ЕРБОЛАТ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз