«ДЕНСАУЛЫҚ» ПОЙЫЗЫ БIР ЖАРЫМ АЙДА 7 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМДЫ ТЕКСЕРУДЕН ӨТКIЗДI

37

0

 Қазақстанның шалғайдағы өңiрлерiн аралап жүрген «Денсаулық» пойызы бiр жарым айда 7 мыңға жуық адамды тексеруден өткiздi. Бұл туралы ҚР IIМ ТЖК ресми өкiлi Руслан Иманқұлов ОКҚ брифингi барысында мәлiмдедi, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.
    «Денсаулық» пойызы биылғы жылы өз жұмысын 11 маусымда Шығыс Қазақстан облысының Ауыл станциясынан бастады. Осы уақыттан бері, 43 жұмыс күнi iшiнде пойыз мамандары республикамыздың Шығыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда және Оңтүстiк Қазақстан облыстарындағы 33 станция тұрғынын тексеруден өткiздi. Барлығы – 6732 адам, оның iшiнде 1145 бала тексеруден өттi. Дәрiгерлерге келушiлер саны 59 001 адамды құрады. 30 821 диагностикалық емшара, 115 шағын амбулаторлық ота жасалды. 1050 әйел мамологқа қаралды. 2334 тұрғынға стоматологиялық көмек көрсетiлдi», – дедi Р.Иманқұлов.
    Ресми өкiлдiң мәлiметiнше, медициналық пойыздың жұмысы биылғы жылдың 14 тамызына дейiн жалғасады.
    Айта кетейік, биыл денсаулық пойыздары Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай өңiрлердi аралауда. Пойыздарды ҚР IIМ ТЖК «Апаттар медицинасы темiр жол госпитальдары» АҚ, «Қазақстан темiр жолы» ҰК» АҚ және ҚР ДСӘДМ бiрлесiп iске қосты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз