ДЕПУТАТТАР СЕНАТОР ТАҢДАЙДЫ

70

0

2017 жылғы 28 сәуірде «2017 жылғы 28 маусымға ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы» ҚР Президентінің Жарлығы жарияланып, ҚР Орталық сайлау комиссиясының 2017 жылғы 28 сәуірдегі №9/157 қаулысымен «2017 жылғы 28 маусымға тағайындалған ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары» бекітілді. 
Қызылорда өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен кезекті брифингте Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының мүшелері аталған жоспар аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Абайбек Жүнісов  29 сәуірде Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының осы сайлауды ұйымдастырып өткізуге байланысты алғашқы отырысы өткізіліп, сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілгенін мәлімдеді. 
2011 жылғы 19 тамызда сайланған сенаторлардың өкілеттігінің конституциялық мерзімі ағымдағы жылдың 31 тамызында аяқталады,  осыған байланысты република бойынша әрбір облыстан бір депутаттан сайланады. Қызылорда облысынан сенатор Бақтиярұлы Мұраттың орнына бір депутатты облыс бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттардың 147 депутаты сайлайды. Яғни, алдағы  Парламент Сенаты депутатын сайлауда дауыс беруге тек таңдаушылар – мәслихаттар депутаттары ғана қатысады.
Хабарламашы Конституцияға және заңнамаға сәйкес жасы 30-ға толған, жоғары білімі бар және жұмыс стажы бес жылдан кем емес, сондай-ақ еліміздің аумағында соңғы он жыл бойы және өзі дауысқа түсетін өңір аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұратын Қазақстан азаматы Парламент Сенатының депутаты бола алатынын жеткізді. Кандидаттарды ұсыну мәслихаттар сессияларында, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырылады. Сондай-ақ саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өздерінің мәслихаттардағы өкілдері арқылы өз кандидаттарын ұсына алу мүмкіндігі бар. Күнтізбелік жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну 28 мамырға дейін, кандидаттарды тіркеу 7 маусымға дейін жүреді, ал сайлау алдындағы үгіт 8 маусымда басталып, 26 маусым күнгі 24.00 сағатқа дейін жүргізіледі. 
Парламент Сенатының депутаттығына кандидат ретінде тіркелу үшін үміткер өңірдегі барлық мәслихаттар депутаттарының кемінде он пайызының қолдауына, яғни кемінде 15 депутаттың қолдауына ие болуы тиіс. Бұл қолдау мәслихаттар депутаттарының тиісті қолдар санын жинау арқылы куәландырылады. Дауыс беруді, дауыстарды санауды және нәтижелерін жариялауды облыстық сайлау комиссиясы бір күн ішінде – 28 маусымда жүргізеді. Сайлау заңнамасына сәйкес Сенат депутаттарын сайлау балама негізде өтеді. А.Жүнісов Парламент Сенатының депутаттығына кандидатқа сайлау алдындағы үгітті жүргізуге, сондай-ақ көліктік шығындарға республикалық бюджеттен қаражат бөлінетінін айтты.
Облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Аягөз Сырлыбаева сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді тек облыстық сайлау комиссиясы жүзеге асыратынын, ҚР Орталық сайлау комиссиясы жалпы басшылық жүргізетінін хабарлады. Облсайлаукомның алғашқы отырысында Күнтізбелік жоспармен қатар комиссия мүшелерінің мерекелік және демалыс күндердегі кезекшілік кестесі мен өзара міндеттер бөлінісі бекітілген. 
Сонымен қатар жариялануға жататын ақпараттар облыс әкімдігінің интернет ресурсындағы «қоғам» бөліміндегі «сайлау» бөлімшесінде орналастырылып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдары эфирден және баспасөзден орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді 8 мамырдан кешіктірмей хабарлауға және жариялауға, сондай-ақ облыстық сайлау комиссиясына ұсынуы тиіс.
А.Сырлыбаева кандидаттарды ұсынудың мерзімі басталған күні, яғни 2017 жылғы 29 сәуірде 5 кандидат Парламент Сенатының депутаттығына өз кандидатураларын ұсыну ниетін білдіріп, құжаттарын тапсырғанын мәлімдеді. Олар – облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызы, Сырдария аудандық мәслихатының хатшысы Әжікенов Ержан Ертарғынұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақтиярұлы Мұрат, «Байкен-Ю» ЖШС бас кеңесшісі Жарқынбаев Ғайнулла Зейнуллаұлы, «Байқоңыр әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Кенжебаев Темірхан Бердалыұлы.
Кандидаттардың ұсынылған құжаттары тексеріліп, олардың заңнамамен қойылған талаптарға сәйкес келетіндігі туралы хаттамалық шешім қабылданып, таңдаушылардың қолдауын алу үшін қол қою парақтары берілді. Қазіргі уақытта үш кандидат: А.Әлназарова, Е.Әжікенов, М.Бақтиярұлын қолдау туралы қол қою парақтары облсайлаукомға өткізілді. Облсайлаукомға қол қою парақтарын қабылдаған соң паспорт қызметін тартып, қойылған қолдардың растығы тексеріледі.
Тиісті мөлшерде қолдау тапқан кандидаттар өздерінің және өз жұбайлары немесе зайыптарының табысы мен мүлкі туралы декларация тапсырғандығы туралы анықтама мен Ортсайлаукомның шотына депозит ретiнде заңдарда белгiленген ең төменгi жалақының он бес еселенген мөлшерiнде, 366885 теңгені (15 х 24459 теңге) құрайтын сайлау жарнасын енгізгендігін растайтын құжатты тапсырған соң тіркеледі.
Брифингте облсайлау комиссиясының мүшесі Қожамжар Наурызбаев ҚР Орталық сайлау комиссиясының тарапынан берілген сайлауды ұйымдастырып өткізу үшін сметаға сәйкес облыстық сайлау комиссиясына жалпы 2 млн 133 мың 770 теңге мөлшерінде қаражат бөлінгенін жеткізді. Бұл қаражатқа тиісті ақпараттарды жариялау, сайлау бюллетеньдері, шақыру, депутаттыққа кандидаттар мен олардың сенім білдірілген адамдарының куәліктері, ақпараттық плакатттар және өзге де қажетті бланкілерді әзірлеу бойынша полиграфиялық шығындар; комиссия мүшелерінің жалақысына, көлік, байланыс, іс-сапар шығындары кіреді. 
Мұнан соң брифинг өткізушілер БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. 
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз