
Қауымдастық президиумы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаевтың айтуынша, биылғы құрылтайда шетелдегі қазақ мәдени орталықтарын қаржыландыру, шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанға оқуға шақыру мәселелері қаралады. «Құрылтай мақсаты – шетелдегі қазақтардың Қазақстанға көшіп келуіне жағдай жасау», – деді Балғабаев.
Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы 1992 жылы Алматы қаласында, екіншісі – Түркістанда 2002 жылы өтті. Одан соң құрылтай екі мәрте (2005 және 2011 жылдары) Астанада ұйымдастырылды. Биыл құрылтайға негізінен шетелдегі қазақ жастары шақырылады. Форумға 40-тан астам елден 350 адам қатысады.
1991 жылдан бері Қазақстанға 284 361 этникалық қазақ отбасы көшіп келді, бұл – шамамен бір миллион алты жүз мың адам. Оралмандардың 61 пайызы – Өзбекстаннан, 12 пайызы – Қытайдан, 12 пайызы – Моңғолиядан, жеті пайызы – Түркіменстаннан, шамамен төрт пайызы – Ресейден көшіп келді.
Оралмандардың 56 пайызы – еңбекке жарамды жастағылар, шамамен 40 пайызы – 18 жасқа дейінгі балалар.