Дрон ұшыруға рұқсат қажет болады

51

0

Дрон ұшыруға рұқсат қажет болады Қазақстанда ұшқышсыз аппараттар мен дрондарға бақылау орнату ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымы алыс қашықтыққа ұша алатын ұшқышсыз аппараттарға қатысты ғана арнайы құжат шығарды. Ал бізде қолданылып жүрген дрондар мен өзге де ұшқышсыз аппараттар бойынша бізде тиісті құжат әзірленген жоқ. Біз жыл басында жұмыс тобын құрып, оған мүдделі органдарды шақырдық. Қазіргі уақытта ережелер дайындаудамыз. Аталған заң қабылданған кезде ұшқышсыз аппараттарды қолданудың тәртібін, шарттарын реттейтін ережелер де қолданылады», – деді ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов ҚР Парламенті Мәжілісі жұмыс тобының отырысында.
Негізгі талаптар – әуе қозғалысын 100 метр биіктіктен бастап басқару, ғимараттарға және адам көп шоғырланған жерлерге 150 метр қашықтықта жақындамау, дронды әуежайдан 5 шақырым қашықтықта қолдану. «Сонымен қатар ұшқышсыз аппараттарды қолдануға болмайтын жабық аймақтар да болады», – дейді Сейдахметов. Өз кезегінде Қазақстанның авиатасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы, Мәжіліс депутаты Владимир Куропатенко аталмыш ережелер дрондарды қолдану шарттары үшін жеткіліксіз екендігін атап өтті. Оның пікірінше, ұшқышсыз аппараттар тиісті органдармен толықтай бақылауда болуы тиіс, тіпті ұшырылым жасауға рұқсат алулары тиіс. «Әуе шарларын да, ұшыру аппараттарын да ешкім бақыламайды. Бұл не екенін түсінесіздер ме? Олар ертең парламент үстімен ұшырылып, бірдеңе істеп жіберсе не істейміз? Олар бақылауда болуы тиіс. Олар ұшырылымға рұқсат алулары керек. Әуе қорғанысы, ҰҚК, прокуратура осыны бақылауы тиіс. Шағын ғана ұшыру аппаратымен кез келген затты тастай салуға болады», – деп түйді сөзін В. Куропатенко.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз