Дәурен Абаев: Неге бізде ХҚКО-да кезек көп?

81

0

Дәурен Абаев: Неге бізде ХҚКО-да кезек көп?Бүгін Қазақстан мен Корея Республикасы арасында электронды үкіметті дамыту бойынша өзара ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды, деп хабарлайды Baq.kz.
Астанада «Электронды үкімет» саласындағы Қазақстан-Корея ықтымақтастығын дамыту бойынша ашық семинар өтті. Іс-шара барысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев пен Корея Республикасының Мемлекеттік басқару және ішкі істер вице-министрі Ким Сонг Рёл арасында электронды үкіметті дамыту бойынша өзара ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды. Кейін Дәурен Абаев журналистерге аталмыш хаттаманың маңыздылығын түсіндірді.
«Біз екі ел арасында электронды үкіметті дамыту бойынша өзара ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойдық. Аталмыш құжат бұрынғы атқарылған жұмыстың қорытындысын шығарып, болашақ жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ең маңызды біз Кореяның тәжірибесін аламыз», – деді ол. Сонымен қатар министр еліміздегі ХҚКО-ларда кезектің көптігін алға тартты. Осыған байланысты аталмыш жүйені жетілдіру керек.
«Қазақстанның электронды үкімет, мемлекеттік қызмет көрсету салаларында мақтанарлықтай нәтижелері бар. Біз осы салада алдыңғы елдердің қатарындамыз. Бірақ, біз жеткен жетістігімізді місе тұтып, бір орында тұрып қала алмаймыз. Біз Халыққа қызмет көрсету орталықтарын одан әрі дамытуымыз керек. Неге бізде ХҚКО-да кезек көп? Себебі, электронды үкімет бойынша электронды құжатты алғысы келетіндердің қатары аз. Ал көптеген азаматтар ХҚКО-ға барады. Сондықтан біз жаңа технологиялардың көмегімен электронды үкіметті дамытатын боламыз», – деді ол. Осы орайда Дәурен Абаев министрліктің осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асырып жатқандығын алға тартты.
«Алдағы уақытта азаматтар ХҚКО-ға барып алатын құжатты үйден алатын болады. Бұл тұрғындар мен ХҚКО қызметкерлерінің уақытын үнемдейді. Біз бұл қызметтің сапалы болғандығын қалаймыз. Қазіргі уақытта осы бағытта тұтас бағдарлама жасағалы жатырмыз. Мысалы, біз қанатқақты жобаны қолға алуды жоспарлап отырмыз. Ол бойынша «Қазпошта» компаниясы құжатты үйге әкеліп беретін болады», – деді министр.
Сонымен қатар Корея Республикасының Мемлекеттік басқару және ішкі істер вице-министрі Ким Сонг Рёл қос ел арасында жасалған хаттаманың маңыздылығына тоқталды.
«Бұл хаттама қос елге мамандармен тәжірибе алмасуға, әрі сондай электронды үкіметтің түрлі бағыттары: ақылды қала, киберқауіпсіздік және ақпарат орталығы бойынша өзара ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді сөзін ол.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз