\»Ең үздік жас журналист\» байқауы жарияланды

318

0

"Ең үздік жас журналист" байқауы жарияландыОблыстық ішкі саясат басқармасы журналистердің шығармашылығын дамытуға қолдау көрсетуге және жас журналист Сағитжан Бермағанбетовты еске алуға арнап «Ең үздік жас журналист» облыстық байқауын жариялайды.  
Журналист Сағитжан Бермағанбетов атындағы сыйлық туралы 
ЕРЕЖЕ
Жалпы ереже
1. Жас журналист Сағитжан Бермағанбетов атындағы сыйлықты иеленушілерге арналған «Ең үздік жас журналист» байқауы облыстық деңгейде ұйымдастырылады.
2. Байқаудың үйлестірушісі және ұйымдастырушысы Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы.
Байқаудың мақсаты
3. Жас журналистердің шығармашылығының дамуына қолдау көрсету.
4. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту.
Байқаудың тақырыбы
5.  ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласының аясында төмендегі тақырыпта материалдарды БАҚ-та жариялау:
1) Біртұтас ұлы ұлттың перзентіміз. 
2) Ұлттық жаңғыру – ұлттық сананың кемелденуі. 
3)Рухани жаңғыру-қанымызға сіңген ізгі қасиеттерді қайта түлету 
Байқауды ұйымдастыру және оған қатысушыларға 
қойылатын талаптар
6. Байқауды ұйымдастырып, өткізу мақсатында Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы жанынан Ұйымдастыру комитеті құрылады. Ұйымдастыру комитетінің құрамын Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы бекітеді.
7. Байқау 2017 жылғы 1 мамыр мен 15 маусым аралығында жарық көрген жарияланымдарды, эфирден өткен хабарларды қамтиды.
8. Байқауға жасы 30-ға дейінгі бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істейтін тілшілер мен тәуелсіз қаламгерлер қатыса алады.
9. Байқау материалдары жарияланған күйінде (газет-журналдар беттерінде, бейне және аудиотаспалар түрінде) тиісті баспа және электрондық бұқаралық ақпарат құралдары жетекшілерінің ұсынысы бойынша қабылданады.
10. Байқау материалдарын сараптау барысында тақырыптың өзектілігі және маңызы, мазмұнының ашылу тереңдігі, шынайылығы, жанрлық шарттарға сәйкестігі, жаңа әдістерді қолданысқа енгізе білуі, тілі және стилінің ұғынықтылығы, журналистік шығармашылық әдістерінің ерекшелігі, тың ақпаратты сараптау мен зерттеу әдістерін енгізе білу ерекшелігі, ұтымды қолдана білуі есепке алынады.
11. Байқауға қатысушылар Ұйымдастыру комитетіне (Қызылорда қаласы, С.Бейбарыс көшесі, нөмірсіз, Қызылорда облысы әкімдігі ғимаратының № 313-бөлмесі, байланыс телефондары:8 (7242) 60-53-21) мынадай құжаттарды қоса жібереді:
1) төмендегі деректер көрсетілген өтініш:
– автор туралы мағлұматтар /туған жері, күні, айы, жылы, ұлты/;
– жұмыс немесе оқу орны, қызметі, тұрғылықты мекен-жайы, байланыс құралдары.
2) байқау материалы жарияланған газет, журналдың көшірмелері (сканер арқылы), теле-радио бағдарламалардың DVD, CD форматындағы дискілерге жазылған нұсқасы (қағазға түсірілген нұсқасымен бірге).
12. Байқауға жіберілген материалдар авторларға қайтарылмайды.
13.Байқауға ұсынылған материалдарды қазылар алқасы бағалайды. Қазылар алқасының құрамы Ұйымдастыру комитетімен анықталады.
Байқауды өткізу және қорытындысын шығару тәртібі
14. Байқау үш кезеңнен тұрады:
1) 2017 жылғы 10 маусымнан 20 маусымға дейін – байқауға қатысушылардан материалдарды қабылдау;
2) 2017 жылғы 21 маусымнан 23 маусымға дейін – материалдарды сараптау және жеңімпаздарды анықтау;
3) 2017 жылғы маусым айының соңғы аптасы – байқау жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі.
15. Байқау жеңімпаздары Қызылорда облысы әкімдігі тарапынан дипломмен, арнайы сыйлықтармен марапатталады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз