ЕҚҚДБ Қазақстан экономикасына 6 млрд. доллардан астам қаржы құйды

54

0

ЕҚҚДБ Қазақстан экономикасына 6 млрд. доллардан астам қаржы құйдыЕуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстан экономикасына 6 млрд. доллардан астам қаржы құйды. Бұл туралы ЕҚҚДБ-ның Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джанет Хэкман мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еуропалық банк Қазақстан экономикасының, жалпы, мұнай-газдан тыс салаларына қаржы құятын маңызды инвесторларының бірі болып табылады. Банктің ел экономикасына салған инвестициясының көлемі 6 млрд. доллардан асып жығылады», – деді ол Қызылорда облысы мен қаласының әкімдігі және Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында Қызылорда қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату жобасын қаржыландыру туралы алдын ала келісімге қол қою рәсімінен кейін.

Сонымен қатар ол өз сөзінде Қызылорда қаласында жүзеге асырылатын жобаға да тоқталып өтті.

«Біз бұл жобаны жүзеге асыру барысында заманауи жаңа технологияларды кеңінен қолдануға тырысамыз. Бұл өте маңызды жоба. Сондықтан да Қызылорда өңірінде жүзеге асыру үшін таңдап алдық. Жалпы біз бұл өңірде су бұру және сумен қамтамасыз ету, электр және жылумен жабдықтау салаларында арнайы жобаларды әзірлеп, жүзеге асырудамыз», – деді Д.Хэкман.

Естеріңізге сала кетейік, алдын ала келісімге Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, қала әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Ахатов қатысқан болатын. Банк Қызылордаға 13 жылға 3,6 млрд. теңге көлемінде несие береді. Бұл несиеге қалада тұрмыстық қатты қалдықтарды механикалық-биологиялық өңдеу кешені, жаңа санитарлық қалдықтар полигоны салынып, қажетті құрал-жабдықтар сатып алынады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз