\»Егемен Қазақстан\» енді орысша да ақпарат таратады

66

0

"Егемен Қазақстан" енді орысша да ақпарат таратады22 наурызда «Егемен Қазақстан” газетінің жаңа сайты іске қосылады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен «Егемен Қазақстан” газетінің жобаларын таныстыру барысында айтылды, дейді BAQ.kz тілшісі.
Жиын барысында басылым жетекшісі Дархан Қыдырәлі сайтты жетілдіру жұмыстарының соңғы алты айдағы жетістіктеріне тоқталды.
«Ақпараттар таспасынан берілетін материалдар саны төрт есе көбейді. Интернет-редакция дербес басылым ретінде өзі дайындайтын сапалы ақпараттарды көбейтуге басымдық берді. Ол мақалалардың кейбірі отыз мыңға дейін оқылып, оқырмандар арасында үлкен резонанс туғызды. Қазақстандық сайттардың жалпы рейтингінде egemen.kz өткен жылдың бірінші жартысында 140-орында тұрса, қазір алғашқы 50-ге кіреді. Ал қазақтілді интернет басылымдар арасында алғашқы бестікте. Сонымен қатар төте жазу нұсқасын жетілдіру арқасында шетелдердегі қандастарымыздың сайтқа кіруі жиіледі” – дейді Дархан Қуандықұлы.
Басылымның жаңа интернет нұсқасының техникалық ерекшеліктерін «Егемен Қазақстанның” қызметкері, SEO-инженер Ербол Серікбай таныстырды.
«Жаңа сайтта 2005 жылдан бергі материалдар бір жүйеге топтастырылады. Енді қажет материалды табу үшін әр кезеңде жасалған сайттарға кіру қажет емес. Барлық ақпаратты бір сайттан табуға болады. Жаңа нұсқадағы сайтта аудио және видео материалдарға көбірек орын беріледі. Мысалы, газет шолушыларының мақалалары аудиоформатта ұсынылады. Оларды тыңдауға және жүктеп алуға мүмкіндік бар. Жаңа порталдың ерекшелігі, «Егемен Қазақстан» газеті мен Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының бірлескен жобасы негізінде дайындық тестерін онлайн тапсыруға болады» – дейді Ербол Серікбай.
Сонымен қатар, шет елдерден кіретін оқырмандарға ыңғайлы болуы үшін латын және төте жазудағы нұсқа болады және газетте орыстілді нұсқа іске қосылады.
«Бұрын орыс тіліндегі материалдар қазақшаға аударылса, енді қазақ тіліндегі материалдар орысша жарық көріп, орыстілді аудиторияға бағытталады”, деді газет жетекшісі Дархан Қыдырәлі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз