ЭКСПО көрмесі аясында Димаштың құрметіне арнайы тур ұйымдастырылады

66

0

ЭКСПО көрмесі аясында Димаштың құрметіне арнайы тур ұйымдастырыладыАқтөбе «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне арнап екі туристік маршрут әзірледі. Бірі – тарихи, екіншісі – экологиялық бағытта. Алайда Димаш Құдайбергеннің туған жері мен өскен өлкесін көруге келетін қытайлық жанкүйерлердің саны күн санап артып, туристік операторлар тағы бір маршрутты ұсынды. Алдын ала жасалған есеп бойынша өңірге екі мыңнан астам Қытай азаматы келеді, деп хабарлайды BAQ.kz.
Ақтөбе «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне арналған дайындықты пысықтап, Астананы барып көремін деген адамдарға теміржол, әуе көліктерінің санын арттырды. Жатын орын да әзір. Ақтөбеліктер үшін жоғарғы оқу орындарының жатақханасы бекітілді. Бағасы – қолжетімді. Бұл Астанаға барып, болашақ энергиясына арналған көрмені тамашалап, танысуға арналған бағыттағы жұмыс.
Жергілікті жерде де туристерді қабылдау, оларға өңірді таныстыру шаруасы қолға алынды.
«Ақтөбе туристерге екі маршрут ұсынды. Бірінші бағыт – тарихи-танымдық. Ақтөбе – батырлар мекені. Өңірден шыққан батыр көп. Біз осы мүмкіндікті пайдалана отырып шетелдіктерге тарихымызды кеңінен таныстыруымыз керек. Туристік маршрут негізінен Қобда ауданының аумағы арқылы өтеді. Өйткені Қобда ауданы – батырлардың ең көп ме-кендеген жері және ең қолайлы әрі логистикалық жағынан тиімді аймақ. Келген қонақты 400-500 шақырым қашыққа апара алмаймыз, ол өте қиын. Әрі шетелдіктер де шаршайды. Қобда маршрутын таңдағандар Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың туған жеріне, Әлия ауылындағы патриоттық тәрбие беру орталығына барып, сосын Абат Байтақ кесенесіне және Қобда ауданының орталығына аялдайды. Бұл жерде ауданмен, ауыл ішімен танысады. Кейін Жиренқопадағы Қобыланды батыр мемориалдық кешеніне, Ақтөбе мен Атырау облыстары шектесетін жерде орналасқан Исатай батыр кесенесіне барады. Бір қуантарлығы, ауданда өңірдің батырлары туралы толық мағлұмат беретін мамандар да бар. Өзге де тарихи мекендер бар. Мәселен, Әйтеке би ауданындағы Әбілқайыр хан мемориалдық кешені», – деді облыстық сыртқы байланыс және туризм басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы.
Екінші бағыт Мәртөк ауданына қарай бағытталған. Бұл «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық дәлізінде орналасқан, табиғаты ерекше мекен. Орманы, шағын көлі бар. Тіпті Мәртөк ауданында өзге аймақта сирек кездесетін өсімдік түрі өте көп. Қаладан, қарбалас тірлік пен шудан шаршаған адам үшін бұл таптырмас демалыс сыйлайтын жер болмақ. Әрі көліктен түсіп, жаяу жортып, жеріміздің флора-фаунасымен жақын танысады.
Екі бағытты пысықтап, әзірлеген туристік операторлар әнші Димаш Құдайбергенге арнап тағы бір бағытты әзірледі.
Қытайлық туристер Астанадағы «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысып, кейін Ақтөбеге келеміз деп отыр. Бәрі Димаштың арқасында. Димаш тек Қазақстанның емес, соның ішінде Ақтөбе облысының туризмін дамытуға себепкер болды. Маршрут арнайы Димашқа арналатын болады. Жоспарда Димаш оқыған мектеп, музыкалық колледж, Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония, тіпті спорт үйірмесі де бар. Ол таэкван-домен шұғылданған екен. Арнайы маршрут барлығын қамтиды. Себебі, туристік маршрутты Димаштың көмекшілерімен, ата-анасы Қанат пен Света Айтбаевтармен бірлесе жасалады.
Көрме кезінде, 27 маусым күні Астанада Димаштың концерті болады. Сол концертке дейін, кейін туристер Ақтөбеге келеді деген жоспар бар. Дайындық жүріп жатыр. Туристерді қабылдап, таныстыру жұмыстарын жүргізетін гид-экскурсоводтар да табылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз