Экстремизм үшін шетел асқандардың төлқұжатын жарамсыз ету мәселесі қаралуда – Ғ.Шойкин

53

0

Экстремизм үшін шетел асқандардың төлқұжатын жарамсыз ету мәселесі қаралуда - Ғ.ШойкинАСТАНА. ҚазАқпарат – Террор және экстремизм бағытына еріп, шетел асқан
қазақстандықтарды азаматтығынан айырмай, олардың төлқұжатын жарамсыз деп
тану мәселесі қаралуда.

Бұл туралы бүгін «Дін саласындағы өзекті
мәселелерді жариялау жөніндегі ақпараттық жұмыстың қағидалары мен
басымдықтары» атты дін саласындағы мәселелерді БАҚ-та жариялау бойынша
журналистерге арналған тренинг барысында ҚР Мәдениет және спорт
министрлігіне қарасты дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин мәлім
етті.

Оның айтуынша, бірқатар елдер қазір терроризм мен
экстремизмге қарсы заңнамаларын жетілдіре отырып, өз заңдарына теріс
діни ағымға еріп, басқа елде террорлық әрекетке барған, болмаса, соғысып
жүрген адамдарды сырттай азаматтығынын айыру туралы норманы енгізген.

«Мысалы, Әзербайжан мемлекеті жуырда ғана азаматтық
туралы заңға өзгерістер енгізе отырып, террорлық әрекеттерге қатысу
үшін басқа елдерге кеткен азаматтарын Әзербайжан азаматтығынан айыру
туралы шешім қабылдады. Көптеген елдер терроризм туралы заңнамалық
актілерге осы өзгерістерді енгізу туралы шешім қабылдауда. Біз бұл
тәжірибені зерделеп жатырмыз», – деген комитет төрағасы осындай өзгеріс
бір жағынан зиянын тигізуі мүмкін екенін атап өтті.

«Азаматтықтан айырудың теріс салдары болуы мүмкін.
Себебі, біз теріс діни ағымға еріп, шетелге кеткен азаматтарды
азаматтығынан айырсақ, ол енді Қазақстан Республикасының заңдарына
бағынбайтын адам болып шыға келеді. Ол, тіпті, өзге елдің азаматтығын
алып алып, Қазақстанға қонақ ретінде келсе, біз оған заң тұрғысынан жаза
қолдана алмаймыз. Сондықтан, қазір біз террорлық және экстремистік
бағытта ел асып кеткен қазақстандықтарды азаматтығынан айырмай,
төлқұжаттарын жарамсыз ету мәселесін қарастырып жатырмыз», – деп мәлім
етті Ғ.Шойкин.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз