ЕЛ АЗАМАТЫ АТЫНДАҒЫ АШЫҚ ТУРНИР

36

0

ЕЛ АЗАМАТЫ АТЫНДАҒЫ АШЫҚ ТУРНИРҚызылордада облыс дамуына
еңбегі сіңген қайраткер Сартай Мыхановты еске алуға арналған қазақ күресінен
түйе палуандар арасында республикалық ашық турнир өтті. Еліміздің Оңтүстік
Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда облыстарынан және
Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен 31 палуан бақ сынасқан турнирдің ашылу
салтанатына облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы қатысты.

Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының
басшысы Садық Мұстафаевтың айтуынша, жарыстың негізгі мақсаты – әлемдік
деңгейде қазақтың ұлттық спорт түрін
дамыту.

Ал белгілі кәсіпкер Бердібек Мыханов әке рухына тағзым етіп,
аруағы разы болсын деген ниетпен айтулы шараның ұйымдастырылып отырғанын
жеткізді.

1960 жылдары Сартай Мыханұлы білікті маман ретінде Сырдария
ауданы Жетікөл совхозының директорлығына тағайындалады. 1974 жылы Сырдария ауыл
шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары болды. Аудан көлеміндегі бұл
саланың ыстық-суығын басынан өткерді. Малшы жағдайын өзімен көріп, кеңесі мен
көмегін беріп, қыруар жұмыс істеді. Оның көп жылғы еңбегі еленіп, Республика
Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен, бірнеше медальдармен марапатталған. 1987
жылы қараша айының 5-күні ауыр науқастан дүниеден озды. Сартай Мыханұлы – терең
білімді, үлкен ұйымдастырушылық қабілет иесі, ауылшаруашылық саласының айтулы
маманы, замандастары арасында қоғамшыл, адал дос, ағайынға қамқор туыс бола
білген азамат. Бүгінде оның ұрпақтары әке жолын лайықты жалғастырып келеді.
Мыхановтар әулеті дүбірлі доданың өтуіне ұйытқы болып, әке алдындағы бір
парызын өтеуге тырысуда.

Сыр елінің бас қаласының орталық стадионында өткен бәсірелі
бәсекенің деңгейі жоғары болды. Қазақстан Барысының жүлдегерлері Мұхит
Тұрсынов, Бейбіт Ыстыбаев, Айбек Нұғымаров, Ұлан Рысқұл, Ержан Шынкеев, Асыл
Барменов, Нұрым Сәлімгерей, Руслан Әбдіразақов сынды алыптар боз кілемде
белдесіп, білек күштерін сынады. Содан болар, стадионға жиналған жұрттың қарасы
мол.

Бұл бақ пен бап қатар шабатын дода емес пе, боз кілем
белдесуінің көрігі жартылай финалда қыза түсті. Қарағандылық Асыл Барменовті
көз ілестірмейтін шапшаң қимылмен лақтырған Руслан Әбдіразақов пен алматылық
алып Арслан Абдамит белдесіп, жерлесіміздің мерейі үстем болды. Ал Қазақстан
Барысы Бейбіт Ыстыбаев пен қызылордалық Нұрым Сәлімгерейді жарыс жолынан
шығарған өзбек палуаны Мухсин Хисамеддиновпен Мұхит Тұрсынов пен Айбек
Нұғымаровты жеңген Ержан Шынкеев жартылай финалда сынға түсті. Әккі Ержан
өзбектің епті палуанын әбден әуреге салып, жеңіске жетті. Сөйтіп, үшінші орын
үшін күрескен алматылық палуан өзбек елінің үкілеген үміті Мухсинді алып ұрып,
жеңісті жұлып алды. А.Абдамитке Toyota corolla, М.Хисамеддиновке Lada priora
жеңіл көлігі бұйырды. Ал ақтық сында Руслан Әбдіразақов қарағандылық Ержан
Шынкеевтен айласын асырды. Чемпион атанған Русланға Nissan patrol көлігі
берілсе, Ержан Toyota camry 55 жеңіл көлігін мінді. Сондай-ақ, көрермендер
көзайымы номинациясын Грузия елінің палуаны Левани Матеа Швили иеленіп, оған
500 мың теңгенің сертификаты табысталды.

– Қазақша күрестің Қазақстанда беделі жоғары екенін білеміз.
Сондықтан деңгейі биік бәсекеге грузиялық палуандар назар салып жүреді,
қатысқысы келетіндер көп. Шындығында мықты палуандар бақ сынайды, оның үстіне,
жүлде қорлары да мол. Өзім мұндай жарысқа бірінші рет қатысып отырмын. Жеңіліп
қалдым. Бірақ келесі жолы дайындалып, тағы келемін, – дейді грузин палуаны.

Ал «Қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес» деп толқыған жарыс
жеңімпазы Руслан жанкүйерлерінің, бапкерлерінің, Сыр елінің сенімін ақтау үшін
алдағы уақытта да барын, жанын салатынын жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз