Елбасы Жолдауы – жаңғыру жолы

35

0

Бейсенбі күні облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №2 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында Елбасы жариялаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаhандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауды түсіндіру мақсатында басқарма басшысының орынбасары Айгүл Ибраева ұжым қызметкерлерімен кездесті.
– Азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту аясында бірқатар іс-шаралар кешені дайындалуда. Ал, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету шегін ең төменгі күнкөріс шегінің 40%-нан 50%-ға дейін өсіріп, оның жаңа форматы енгізіледі. Жаңа тәсілдің мәні мен қолданыстағы жүйеден айырмашылығы: әлеуметтік көмек алу үшін еңбекке қабілетті жастағы табысы аз адамдардың жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына міндетті түрде қатысуы болып табылады. Осы жағдайда ғана олар шартты ақшалай көмек алуға құқылы болады. Егер де отбасында еңбекке қабілетті жастағы адам болмаса, оларға шартсыз әлеуметтік көмек беріледі, – деді А.Ибраева. Мұнан соң, ол Жолдау жүктеген міндеттерге тоқталып, онда барлық саланы дамыту жайы толық қамтылғандығын атап өтті.
Айта кетейік, қазіргі таңда әлеуметтік осал топтарға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалғызбасты қарттарға 5 арнайы әлеуметтік-медициналық орталық қызмет көрсетеді. Сонымен бірге, қала орталығындағы қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған интернат үйінің ғимараттары күрделі жөндеуден өткізіліп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді жағдайлар жасалды.
Талсуат елдімекенінде 3 медициналық қызмет көрсету ғимараттары бар. Оның бірі – мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтуға арналған орталық. Бұл жерден қаншама жандар мүгедектік креслоларын, балдақтарын тастап, өз бетінше жүріп кетуге мүмкіндік алуда. Мұның барлығы – жыл сайынғы Жолдаудан туындаған игілікті істердің бір көрінісі.
Кездесу соңында, басқарма басшысының орынбасары А.Ибраева жиынға қатысушылардың сауалдарына жауап берді.

Н.ҚАЗБЕКОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз