Ерлік өшпейді, ер ұмытылмайды

113

0

Ерлік өшпейді, ер ұмытылмайдыМәскеуді жаудан қорғап, соғыста ерлік көрсеткен майдангерлерге құрмет ретінде өткен жылдан бастап, «Мәскеу үшін шайқасқа – 75 жыл» төсбелгісі табысталып келеді. Мерейтойлық медаль қызылордалық үш ардагер Бөрібай Құлманов, Әбдіраман Әбішев және Кеңесбай Қалиевке берілді. Ресейдің Алматыдағы бас консулы Алексей Демин төсбелгіні табыстау үшін жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келді.
Бас консул алдымен Панфилов атындағы №5 мектепте болды. Аталған мектепте көпұлтты, татулық пен бірліктің ұйытқысы болып, бір шаңырақ астында достық пен терең білімнің нәтижесінде биік шыңдарды бағындырған жастар тәрбиеленуде. Оқушылар соғыс жылдарындағы әскери әндерді орындап, музыкалық театрландырылған қойылымдар көрсетті. Алексей Демин оқушылардың өнеріне тәнті болып, алғысын білдірді.
– Бұл күнді соғыстың сұрапыл күндерінде қайсарлықпен шайқасып, ерліктің сан үлгісін ардагерлерді ардақтаймыз. Елі мен жері үшін өзінің өмірін сарп еткен, өз Отаны үшін қанын төккен қаһарман ерлер алдында бас иеміз. Сіздердің орындаған қойылымдарыңыз көзіміз жас үйіріп, патриоттық сезімімізді оятты. Соғыстың алғашқы күнінен бастап-ақ, жаумен шайқасқан жауынгерлеріміздің ерен ерлігі ешқашан ұмытылмас. Мәңгі есімізде сақталады. Ерлік өлмейді, ер ұмытылмайды, – деді ол.
Шарада Алексей Демин №5 И.В.Панфилов атындағы мектептің директоры Алтын Ізбасоваға Алғыс хат және кітаптар жинағын табыстады. Сонан соң мектеп ауласындағы әскери қайраткер, генерал-майор, Кеңес Одағының батыры И.Панфиловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

* * *

Сапар барысында Бас консул Алексей Демин Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің бас ғимаратында болды. Онда университет ректоры Қылышбай Бисенов оқу орнының оқу-технологиялық базасымен таныстырды.
Алдымен археология және этнография ғылыми-зерттеу орталығымен, сонан соң Елбасы және Тәуелсіз Қазақстан атындағы оқу-көрме залымен танысып, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесті. Инженерлік бейіндегі №5 оқу ғимаратындағы зертханаларды аралап, «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешеніне барды.

* * *

Ресейдің Алматыдағы бас консулы Алексей Демин Достық үйінде болды. Мәжіліс залында ол Ұлы Отан соғысы ардагері Бөрібай Құлманов пен Әбдіраман Әбішевтің баласы Бекболат Әбдіраманұлымен кездесті. Салтанатты шарада Ресей Президенті В.Путиннің Алғыс хаты мен «Мәскеу үшін шайқасқа – 75 жыл» төсбелгісімен мараппатады. Шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты.
– Соғыстың от майданында алты малтаны ас етіп, толарсақтан қан кеше жүріп, елге жеңімпаз ретінде оралған бабаларымыздың ерлігі алдында тағзым етіп бас иеміз. Майдан кешті соғыста жүздеген қызылордалық батырлар жеңіс үшін күресті. Өкінішке орай, олардың көбі елге қайта оралмады. Бүгін, міне, төсбелгі ортамызда отырған ардақты ақсақалдарымызға табысталмақ, – деді Р.Рүстемов.
Алексей Демин де Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне жылы лебізін білдіріп, Ресей Президентінің алғыс хаты мен «Мәскеу үшін шайқасқа – 75 жыл» төсбелгісімен марапаттады.
Ұлы Отан соғысының ардагері Бөрібай Құлманов оларға көрсетіліп жатқан ілтипат үшін алғысын білдіріп, батасын берді.
– Сол соғыста мен Мәскеуді қорғадым. Көптеген бекініс жасап, құрылыс салдық. Ел үшін, халық үшін деп күрестік. Патриотизмде шек болған жоқ. Соғысқа бармаймын деген адам болмады. Тек алда тұрған мақсат – жауды жеңу, жеңіске жету. Сол жеңістің арқасында еліміз аман, – деді ардагер.
Бүгінде Бөрібай Құлманов – 97 жаста. Минаметшілер ротасының командирі болған қарт майдангер кездесу барысында сұрапыл шайқастар турасында сыр шертті. Ардагер қазақ жауынгерлерінің ерлігін ескеріп, ұмыт қалдырмаған көршілес елге ризашылығын білдіріп, батасын берді. Сонымен қатар қазақы дәстүрмен Алексей Деминнің иығына шапан жапты.
Шара соңында «Славяне» этномәдени бірлестігінің өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Ел батырларын ұлықтау мақсатында өткізілген кездесуде облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов Ресейдің Алматыдағы бас консулына алғыс білдірді.


Шынар БЕКБАН.
Ерлік өшпейді, ер ұмытылмайды
 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз