«Ерлікті сүйген ел нұрлы» тақырыбында кеш өтті

61

0

Мәншүк Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінде «Ерлікті сүйген ел нұрлы» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды, деп хабарлады колледждің баспасөз қызметінен.

Қызылорда облысы Мәдениет басқармасының бастамасымен шығарылған «Майданнан хат» кітабының желісі бойынша колледж жастары ұйымдастырып отырған кештің ерекшелігі – майдан даласынан «қанмен жазылған» 87 жауынгердің өлең хаттарын сезіндіре жырлатып, сол бейнелерді көз алдыңа боямасыз әкелуі еді. Бұл жүкті арқалаған «Жас толқын» үйірмесінің студенттері асқақ патриоттықпен, толқынысты сезіммен жүрек сыздатар хаттар легін әсерлі жеткізе білді.

Бұл не сыр ақтарар дегізген кітап жауынгердің елге, жерге, ата-анаға, сүйген жарға деген ақ адал сезімін төгілдіре, намысы мен рухы, мұңы мен сырынан құралған ақ бума хаттардан құралған. Бұл хаттар біреудің өшкелі тұрған үмітін жандырып, базбіреудің ұшайын деген бағын тұрақтандырып, солған жүзге әр мен қуаныш себелеген тірі куәгерлер. Бүгінге дейін құнын жоймаған ұлы күшті бойына дарытқан қуатты жыр жолдары…

Сахнада «Япур-ай» хор ұжымының әншілері «С чего начинается Родина», «Рио Рита», «Священная Война», «Смуглянка», «День Победы» әндерінен попурриді тамаша орындап, дөңгелене шыққан «Нұргүл» бишілері қиын күндердің елесі жанын торлап қапаланған жұрттың көңілін аулап әкетті.

«Сыр қойнауы» өлкетанушылар клубы мүшелері бастамасымен колледж студенттері мен оқытушыларының Ұлы Отан соғысына қатысқан, тылда еңбек еткен, майдангер ата-әжелері, әкелері, бабалары туралы мәліметтер жинақталды. Колледж директоры, майдангердің қызы Әлима Әбдіхалықованың өзі бастап көрме материалдарын жасақтауға атсалысты. Жинақталған материалдар қатарында жауынгер хаттары, соғыс уақытында пайдаланған құралдары: түрлі құжаттар қоры, әскери билет, куәліктер, жарақаттанғаны туралы дәрігерлік анықтамалар, қол сағаттары, көзілдірік, орден-медальдары, фотосуреттер, жауынгер күнделіктері т.б. бар. Осындай жәдігерлермен танысу арқылы жастар өздерінің туған ата-әжелерін жаңаша бір қырларынан, тұлғалық қасиеттерін аша отырып, тереңінен тани түсті.

Сыр елінің өткенін бағамдап, тарихын бүгінге жалғап, ерлігін ұрпаққа ұран ету мақсатында кітап желісі бойынша майдангерлер жайлы колледждің жас зерттеушілерінің ізденіс жобасы өткен болатын. Жобаға барлық мамандықтардан қырыққа жуық ізденіс жұмыстары жинақталды. Ақтық сынға іріктеліп алынған 12 студент қатысты. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының студенті Жөкенова Салтанаттың 1942 жылғы колледж түлегі, өз атасы Бабаш Жөкенов жайлы, «Бастауыш білім беру мамандығының» студенті Қалыбай Назеркенің майдангер, 1934 жылғы колледж түлегі Есентұр Дәуітбаевты, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының студенті Бауыржан Балжанның Әдис Ахетұлына жүргізген зерттеулері үздік деп танылды. Олардың сарғайған газет тігінділерін ақтарып, ауыл аралап көнекөз қарттардан сыр тарқатып өнегелі өмірден өздеріне ұлағат ала білуі көпшілікті қуантты. Өткен күннен белгі бар. Бүгінгі ұрпақ ата рухын өшірмек емес. Келер ұрпаққа сенім мол.

Кеш соңында өз пікірі мен жүрекжарды тілегін білдірген директордың әлеуметтік істер жөніндегі орынбасары Малимова Сәлима «Тарихсыз өткен жоқ. Өткенсіз бүгін жоқ. Бүгінсіз болашақ жоқ» деген дана сөздің шындығындай, заман ауысқанымен үзілмейтін бір сабақтастық бар. Елбасы «Мәңгілік ел» деп неге айтады? Міне, мен көрген жаңағы рухты сезім мен жігер мәңгілік елдің ұрпағы, заңды жалғасы екендіктеріңді танытқандай. Осы жасап жатқанымыздың өзі мәңгілік елдің аясында жасап жатқан мәңгілік мұраттар. Осының алдында «Мәншүкпен сырласу», «Жеңісті жақындатқан ана жүрек» атты әдеби-сазды қойылымды кештер болған еді, бүгінгі кеш соның жалғасы. Күлтегіннен бастап, Қабанбай, Бөгенбай, Махамбет пен Кенесарыда, Ұлы Отан соғысы жылдарында Бауыржан, Талғат, Төлеген, Сұлтан, Шығыстың қос шынары – Мәншүк пен Әлиялар, кешегі Қайрат пен Ләззаттардың намыс оты жалындаған кеудесіндегі от сендерде де бар. Сендердің ондай арда қасиеттеріңді жоғалтып алуға қақыларың жоқ. Олар соғыс өрті ішінде жеңіске жетсе, сендер бейбіт күнде көк туды көкке көтеріңдер» деп ақ тілегін білдірді.

Бейбіт таң үшін күрескен аға ұрпақтың ерлік жолын, Отанға деген сүйіспеншілігін дәріптеу біздің парызымыз. Майдангер қатары сиреген сайын Жеңістің, ерліктің құны арта түсетіні күн өткен сайын білінуде.

«Ардагерлеріміздің ерлігі мен еңбегі, күш-жігері, сан жылдар бойы жинаған өмірлік тәжірибесі қазіргі ұрпақты ерлік пен патриотизмге, туған елімізді, ата дәстүрімізді сыйлауға тәрбиелейді» деген ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың қанатты сөзін көңіліне түйген колледж жастары өткелең өмірдің өнегелі өрнегін жадында ұстап, әлі талай биіктерді бағындыратыны хақ.

Ертеңгі күнге деген сенімділік осындай мағыналы да мәнді шаралар барысында көрініс тапты. Колледждің «Көшбасшылар мектебі» аға буын ұрпақ өкілдерінің ерлік істері, тағылымды істерінен, көргені мен түйгенінен үлгі алып, үнемі бастамашылдығымен көрінуде. Сондықтан да еліміз бойынша қолға алынып жатқан «Мәңгілік ел» болу идеясының аясында ұйымдастырылған мазмұнды іс-шараны Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған жастардың лайықты үлесі деп бағалауға болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз