Ескерткіштер ел мұрасы

147

0

Ескерткіштер ел мұрасы Тұран топырағының даңқты перзенті Жалаңтөс Баһадүр есімін ұрпақ жадында мәңгі есте қалдыру, өнегесін ұрпақтарға ұлағат ету мақсатында Жібек Жолы көшесінде батырға арналып ескерткіш орнатылған болатын.
Жуырда Халықаралық тарихи орындар мен ескерткіштерді қорғау күніне орай «Ескерткіш – елдің мәдени мұрасы» атты әдеби-сазды шара өтті.
Шараға «Жалаңтөс Баһадүр» республикалық қоғамдық қорының перзиденті Мұсабаев Нәжмәдин, «Жалаңтөс Баһадүр» романының авторы, жазушы, тарих зерттеушісі Ұзақбаев Бегімбай қатысты.
Ескерткіш орнату – ол елдіктің, кемеңгерліктің, халық зердесінің белгісі, ол – бүгінгі болмысымызды ұрпақтарға айнытпай жеткізетін уақыт елшісі.
Халық жүрегінің тереңінен орын алған біртуар азаматы, Сыр бойы ғана емес исі қазақтың мақтанышына айналған дарынды қолбасшы Жалаңтөс Баһадүр ескерткіші алдында өткен шараның болашақ ұрпақ үшін маңызы зор. Сырдың біртуар перзенті өмір сүрген заман қаншалықты алыстай бергенмен, оның тұлғасы халық санасында соғұрлым жарқын сәуле шашып, мейлінше ірілене түседі.
«Қазақ даласында атадан балаға мирас болып келе жатқан құндылықтар қаншама. Бүгінгі тарихи орындар мен ескерткіштер алдында айтылар ұлағатты сөздер еліміздің болашақ патриот жастарына ерлік пен қайсарлықты бойына сіңіруде алатын үлесі зор. Жастарымызға тарихи құндылықтарымызды есте сақтауға және ұлы мұрағаттарымызға бас иіп, құрметтеуді насихаттау мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды», – деген қор перзиденті Н.Мұсабаев алдағы уақытта батыр бабамыздың есімі асқақтай беретінін айтты.
 Шара барысында мәдениет С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің «Сыр сазы» көркемсөз оқу шеберлері үйірмесінің мүшелері Иззат Дамир, Бәкірова Жаннел, Өміртай Аружан, Әбжаппар Жомартбек, Кәрібаева Аружан, Нұраддин Дильназ, Өтепберген Нұркелді, Сәнтәй Бекнұр ескерткіштер жайлы өлеңдерін оқыса, музыкалық жетекші Асхат Таңатаров «Аманат»,  Айнұр Жүнісова «Туған өлке» атты әндерін орындады.
Бағдарлама барысында мемлекеттік қорғауға алынған тарихи ескерткіштер туралы ақпараттар беріліп, азаттық жолында мың өліп, мың тірілсе де ұланғайыр жері мен имандай ұйыған елінің тұтастығын көзінің қарашығындай қорғап өткен тарихи тұлға Жалаңтөс бабаның өмірі жайлы айтылды.
Концерттік-танымдық бағдарлама Тәуелсіз еліміздің іргетасын нығайтып, оны гүлдендіріп, көркейтетін жастар екендігін, дарынды деген атқа лайық, биіктен көрінетін білім иелері болуларына тілектестік білдірумен және ата салтын ардақтап, әрқашан абырой биігінен көрінейік деген ақсақалдар батасымен және бахадүр ескерткішіне гүл қою рәсімімен аяқталды.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз