Форум қонақтары Қызылорданың туристік аймақтарын аралады

120

0

Форум қонақтары Қызылорданың туристік аймақтарын араладыVII «Байқоңыр инвест» инвестициялық форумының
қонақтары түркі халқының абызы Қорқыт атаға арналған ескерткіш кешені. Байқоңыр
қаласы және Қамбаш көлі жағасында болды.
Айта кетейік, меймандарға «Монако» деп
аталатын заманауи автобус қызмет көрсетті. Бұл көлікті «Caspian Services»
компаниясының құрылтайшысы, жерлесіміз Андрей Кашечкин арнайы әкелді. Алдымен қонақтар
заманға лайықталып қайта жасалған «Қорқыт ата» мемориалды кешенін аралады. Мұнда
этноауыл ұйымдастырылды. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар мен салт-дәстүр
көрсетілді. Жез таңдай жыршылар мен әншілер жиналғандарды Сырдың әсем сазымен
елітті. Ал шетелдіктер қазақ халқының болмыс-бітімін бейнелеген ауылдың
көрінісіне тәнті болды.

Бұдан соң форум қонақтары
«жұлдызды қалаға» жүрді. Онда олар Байқоңыр ғарыш алаңы тарихын танытатын
бірегей музейді аралап көрді. Музей директоры Антонина Богданова экспонаттардың
барлығын жеке-жеке түсіндіріп берді. Келушілер ғарыш алаңының құрылу тарихы,
қазіргі өмірі мен кейінгі дамудың болашағымен танысты. Ғарышқа жол салған
адамдар, көрнекті ғалымдар мен құрылысшылар, сонымен қатар мыңдаған инженерлер,
жұмысшылар мен қызметкерлер, зымыран-ғарыштық техника сынаушылары, әскери
құрылысшылары жайлы біліп, танымын кеңейтті. Бұған қоса, қонақтар «Боран»
орбиталық кораблін, ракеталық-ғарыштық жүйенің негізін қалаушы академик
С.Королев пен ғарышкер Ю.Гагариннің іссапар кезінде қоныс еткен мемориалдық
үйлерін тамашалады.

Ал Қамбаш көліне
қонақтар мен инвесторларды облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев бастап
барды. Негізгі мақсат – елдегі жақсыны көрсету, жаңадан бой көтеріп жатқан
демалыс кешенін таныстыру болды. Көлдің ең басты артықшылығы – келіп-кетем
деушілерге ыңғайлы. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінен 6 шақырым ғана
қашықтықта орналасқан.

– Өздеріңіз көріп
отырғандай, көл басы қандай керемет! Бұл жерді туристік орталыққа айналдыруға
толық мүмкіндік бар. Тоғыз жолдың торабында орналасқан. Біз инвесторларды
Қамбаш көлі жағасында жобаларын жүзеге асыруға шақырамыз, – деді, сондай-ақ,
облыс әкімінің орынбасары Ғ:Әміреев.

Мұнда демалыс
маусымында келушілердің қатары жыл санап артып келеді. Өйткені, демалушыларға
жасалар жағдай жақсара түсуде. Қазіргі таңда 19 кәсіпкер туристерге қызмет
көрсетуде, барлығы 52 қызметкер бар. Қонақтарға ат басын тіреп, таныстырылған
жаңа демалыс кешенінің құрылыс-монтаж жұмыстарына 37 млн. теңгеден астам қаржы
жұмсалмақ. «Әбенова А» жеке кәсіпкерлігінің иелігіндегі кешен демалыс
аймағындағы маңдай алды орын болмақ. Талапқа сай 10 қонақүй тұрғызылып,
бассейн, спорттық алаң салынады. Кешен маусым айында келушілерге қызмет көрсете
бастайды деп жоспарлануда.

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз