Форумға қатысушылар Қызылорданың инвестициялық тартымдылығын жоғары бағалады

45

0

Форумға қатысушылар Қызылорданың инвестициялық тартымдылығын жоғары бағаладыБүгін Қызылордада VII «Байқоңыр инвест» инвестициялық форумының
пленарлық мәжілісі өтті. Оған әлемнің 12 мемлекетінен және қазақстандық
қаржы институттардың өкілдері қатысты.
    Алдымен форум қонақтары «Қызылорда облысының инвестициялық
жобалары» тақырыбында өткен көрме жұмысымен танысты. Онда Сыр өңірінде
жүзеге асып жатқан 26 жобасы қойылды. Жиында Қызылорда облысының әкімі
Қырымбек Көшербаев аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерін айтып берді.
Мәселен, қазір Еуропалық қайта құру және даму банкімен 8 жоба бойынша
жұмыс жасалып жатса, тағы  үш жоба бойынша келісім шарт жасасу
жоспарлануда.  Жалпы облыста 333 миллиард теңгені құрайтын 31 жоба
жүзеге асуда.  
    – Экономиканы әртараптандыруда жақсы жетістікке жетіп жатырмыз. Үш
жылдың ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 3,5 есеге өсті. Бұның барлығы
жаңа жұмыс орындарын ашуға, жоғары технологиялық өндірістерді
орналастыруға және экспорттық әлеуетті өсіруге мүмкіндік береді.
Сондықтан бұл инвестициялық форум өз нәтижелігін дәлелдеді, – деді облыс
әкімі Қырымбек Көшербаев.
    «Атамекен» ҚР ҰҚП Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов,
«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын сүйемелдеу орталығы»
ЖШС-нің Басқарма Төрағасы Әділ Өтембаев және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту
қоры» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Қаныш Төлеушин, шағын және орта бизнесті
дамыту мен Өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасын таныстырды. Мұнан
бөлек баяндамашылар Қызылорда облысында  инвесторлар үшін жасалған
қолайлы жағдайлар туралы айтып берді. Сонымен қатар, «Даму» қорының
төрағасы Қаныш Төлеушин Қызылорда облысында шағын және орта бизнесті
несиелендіру үшін қосымша 1,5 млрд. теңге бөлетінін жеткізді. Оның
айтуынша, өңір республикадағы аймақтардың  ішінде қаржыландыру мен несие
беру көлемі жағынан да оны 100 пайыз қайтару мәселесіне келгенде де
жұмысты дұрыс ұйымдастырып отыр.
    Форум барысында перспективалық әлеуеті жоғары инвестициялық жобалар
ұсынылды. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ инновациялық паркінің директоры
Владимир Ким кремний карбидің өндіру жобасын таныстырды. «D’Alinea Solar
France» Жан Люк Зиброу Қызылорда облысында күн электр станциясын салуға
мүмкіндік мол екенін айтып, бірлесіп жұмыс істеуге ұсынды.
    Пленарлық мәжілістің қорытындысы бойынша цемент зауытын салу жобасы
бойынша «Глобальная безопасность» ЖАҚ, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ-мен
әріптестік жөнінде, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен несиелік келісім
туралы және консорциум құру туралы SiC technology компаниясының
директоры Владимир Киммен меморандумға қол қойылды.
    Секциялық жұмыстар кезінде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты,
мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, шағын және орта бизнесті, облыста
туризмді дамыту мәселелері қаралады деп жоспарлануда. Сонымен қатар,
әріпстетік қатынасты нағайту мақсатында бірқатар меморандумдарға қол
қойылады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз