Германия президенті: EXPO – үздік идеялар алаңына айналсын

46

0

ЭКСПО-2017 көрмесінде Германияның Ұлттық күні өтті. Шара барысында әйгілі пианист Йоя Вендт көпшілікті өнерімен тамсандырды, деп хабарлайды Baq.kz.
Концертте Астанадағы Pasch мектебінің хоры мен Баварлық үрмелі аспаптар музыкалық қауымдастығының өкілдері де өнер көрсетті.
Дегенмен, ЭКСПО көрмесінің басты қонағы – Германия президенті Франк Волтер Штайнмейер болды. Германия басшысы Ұлттық күннің ашылу рәсімінде ЭКСПО көрмесінің футуристік бағытта салынғанын айтып, бұл Қазақстанның болашаққа деген жоғары ұмтылысын білдіреді деді. Сондай-ақ, ол Германия көрме барысында жасыл технологиялар саласындағы тәжірибесімен бөлісетінін жеткізді.
«Елімізде бүкіл электр энергия көлемінің үштен бірі жаңғыртылатын қуат көздерінен өндіріледі. Біздің технологиялық тәжірибеміз мол. Бұл біздің жетістігіміз және оны ЭКСПО көрмесінде баршаға көрсеткіміз келеді», – деді Франк Волтер Штайнмейер.
Германия президенті Қазақстанға көрмеге келген қонақтар саны көп болсын, олардың ірі халықаралық іс-шараға көңілі тола берсін деп тіледі. Штайнмейер ЭКСПО пікірталас пен идеялар ортасына, үздік шешімдердің бәсеке алаңына, келісімдер жасалатын жерге айналсын деген тілегін білдірді.
«ЭКСПО көрмесіне болашақтың алаңына айналуын тілеймін. Біз Қазақстанмен ортақ мақсаттарды бөлісіп отырмыз, енді сіздердің жетістіктеріңізбен де бөліскіміз келеді. Елдерімізге керемет болашақ пен тұрақты энергетика тілеймін», – деп түйіндеді Германия басшысы.
Атап өтсек, Германия Ұлттық күнін 16 шілдеге дейін атап өтпек. Бағдарлама бойынша павильонда сағат 15:00-19:00 аралығында неміс видео әрі медиа суретшісі Макс Хаттлердің көп сағаттық жұмысы қонақтардың назарына ұсынылады.
Естеріңізге сала кетсек,Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Германия басшысы Франк Волтер Штайнмейер кездескен болатын.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз