Героин сатқан үш әйел сотталды

47

0

ГЕРОИН САТҚАН ҮШ ӘЙЕЛ СОТТАЛДЫ Есірткіге тәуелді, нашақорлықпен ауыратын үш
соталушы жас әйел – Есетова Гульмира, Токмурзаева Жанар  және Айдарова
Гульвира, Қазақстан Республикасы Конституциясының және Заңдарының
талаптарын өрескел бұза отырып, адамдар тобының алдын ала сөз
байласуымен, аса ірі мөлшердегі есірткіні өткізу мақсатында заңсыз
иемденіп, сақтап, тасымалдап, өткізіп, аса ауыр санаттағы қылмысты
жасаған.
    Атап айтқанда, Г.Есетова 2016 жылдың қаңтар айында сыбайласы
Г.Айдаровамен бірге, соңғының басқаруындағы автокөлігімен Шымкент
қаласына барып, бұрын абақтыда бірге отырған сыбайласынан 50 грамм, яғни
аса ірі мөлшердегі «героин» есірткі затын өткізу мақсатында сатып алып,
Қызылорда қаласына әкеліп, Г.Айдарова, Ж.Токмурзаева және Г.Есетова
үшеуі есірткіні өткізу мақсатында бөлек-бөлек фольгаға орамдап (чектеп),
сатуға дайындаған. Ал, героиннің орамдалмаған бір бөлігін үшеуі бірге
сол үйде отырып, арнайы медициналық ерітіндімен араластырып, тамырларына
медициналық шприцпен егу арқылы қолданған.
    Бұдан әрі жасырын тергеу әрекеттері жүргізілген. 27.01.2016 жылы 
жергілікті уақытпен 12 сағат 40 минут шамасында Г.Айдарова,
Ж.Токмурзаева және Г.Есетова үшеуі бірлесіп, соңғының үйінде отырған
кезде үйге келген есірткі сатып алушыға фольгаға орамдалған (1 чек),
жалпы салмағы 0,14 грамм героинді 5000 теңгеге сатқан. Сотталушылардың
барлық әрекеттері камераға түсірілген.
    Тінту жүргізу барысында Ж.Токмурзаеваның қалтасынан шыққан әмиянның
ішінен 4 бөлек фольгаға оралған, жалпы салмағы 1,42 грамм героин
есірткі заты табылған. Одан басқа, айғақ зат ретінде электронды таразы,
медициналық шприцтер, фольга қағаздар  алынған.
    Сөйтіп, үш сотталушы әйел, адамдар тобының алдын ала сөз
байласуымен, аса ірі мөлшердегі есірткіні өткізу мақсатында заңсыз
иемденіп, сақтап, тасымалдап, өткізген, яғни ҚР ҚК-нің 297-бабы
3-бөлігінің 1,3-тармақтарында көрсетілген аса ауыр қылмысты жасаған.
    Үш әйелдің екеуі бұрын есірткі заттарды өткізген үшін сотты болған, үшеуіде есірткіге тәуелді.
    Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының үкімімен сотталушылар Есетова Гульмира, Токмурзаева
Жанар, Айдарова Гульвира ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінің
1,3-тармақтарымен кінәлі деп танылып, мүлкілері тәркіленіп, әр қайсысы
10 жылдан бас бостандығынан айырылды, жазаларын жалпы режимдегі түзеу
колонияда өтеу белгіленді.
    Одан басқа оларға жаза өтеу орындарында нашақорлықтан еріксіз емдеу тағайындалды.
    Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі
    мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз