Халықаралық банк Қызылордамен әріптестікті жалғастырады

44

0

Халықаралық банк Қызылордамен әріптестікті жалғастырадыҚызылордаға Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти келді. Сапар барысында құрметті мейман облыс әкімі Қ.Көшербаевпен кездесіп, банк қаржыландырған жобалардың жүзеге асырылуын талқылады. Сондай-ақ, кездесуде аймақ дамуы үшін маңызы зор бірқатар жаңа жобалар ұсынылды. 
Жиында облыс әкімі Қ.Көшербаев аталмыш банк әлемнің 34 елінің экономикасының дамуына ықпал жасайтынын атап өтті. Банк басшысына табысты серіктестік әрі аймақтың шағын және орта бизнесті қолдау үшін алғыс айтып, Қызылордада ЕҚҚДБ өкілдігін ашуға ұсыныс айтты.  
 Өз кезегінде С.Чакрабарти Қызылорда облысымен әрі қарай бірлесіп жұмыс жасауға дайын екенін жеткізді. 
– Біз Қазақстанның басқа облыстарында коммуналдық жүйелердің қайта жаңғырту жобаларын жасақтаймыз. Қызылорда облысы да осы салада әріптес болуға қызығушылық білдіргеніне қуаныштымын. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдауға дайынбыз. Жалпы, Қазақстанда 7 өкілдігіміз бар. Қызылорда облысында жүзеге асып жатқан жобалардың саны  өкілдік ашуға жеткен жағдайда сегізінші өкілдікті осында қуана-қуана ашамыз, – деді ол.
Атап өтейік, ЕҚҚДБ облысымыздың жолаушы тасымал жүйесінің қайта жаңғырту жобасына қаржы салды. Сонымен қатар, банк жеке бизнеске де қолдау жасауда. «Жанрос Дрилинг» ЖШС банктен 25 млн. доллар алып, мұнай-газ қондырғыларын сатып алды. Сондай-ақ, жақында Қызылорда қаласының жылу және сумен қамту жүйелерін қайта жаңғырту бойынша келісім жасалды. Бұл жобалар көп ұзамай жүзеге асады. Банк шарттары бойынша, инвестициялау пайыздық мөлшерлемесі төмен әрі жеңілдік мерзімі бар несиелендіру бойынша бірлесе қаржыландыру негізінде жүзеге асады. 
Осы жиында облыс халықының өмір сапасын жақсартатын әрі әлеуметтік маңызы зор бірқатар жобалар ұсынылды. Атап айтсақ, ҚЖЭО жылу көздерін қайта жаңғырту, цемент зауыты, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытын салу. Аталған жобаларды қайта талқылауға жақын арады С.Чакрабарти Сыр өңіріне тағы келетінін жеткізді.
Облыс әкімдігінде өткен жиыннан соң С.Чакрабарти облыс олрталығындағы нысандарды аралады. ЕҚҚДБ президенті алдымен ҚЖЭО турбиналық цех жұмысымен танысты. Кәсіпорын директоры Асқар Бекмағанбетов жылу көзін қайта жаңғырту перспективаларын саралады. ҚЖЭО қайта жаңғыртудың негізгі мақсаты аймағымызды электр энергиясына тәуелділіктен арылту. Қазіргі таңда облыс электр қуатына қажеттіліктің 30 пайызын ғана өзі өндіреді. Қосымша қуаттылықтарды қосу арқылы өндірілетін электр қуат көлемін арттыруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, кәсіпорын жетекшісінің айтуынша, өндірісті жетілдіру аймағымыздың экологиялық жағдайын жақсартпақ. 
«Жанрос Дрилинг» ЖШС мұнай-газ саласында сервистік қызмет көрсетумен айналысады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша компания «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясында қола парыз сыйлығын алды. Серіктестік бас директоры Алексей Мылтықбаев компания жұмысы туралы баяндап, өндірістік бөлім мен құрал-жабдықты көрсетті. Кәсіпорынды көріп, С.Чакрабарти егер серіктестіктің жаңа идеялары болса банк оны қолдауға дайын деп айтты. Түс ауа ЕБРР делегациясы қаланың әлеуметтік нысандарын аралап «Мұз айдыны» және «Назарбаев» зияткерлік мектебінде болды. Қонақтар осы нысандардың аймақ үшін маңыздылығын жоғары бағалады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз