И. Ильиннің анасы: Біз үшін де, Илья үшін де бір ғана Отан бар, ол – Қазақстан

68

0

И. Ильиннің анасы: Біз үшін де, Илья үшін де бір ғана Отан бар, ол - ҚазақстанМ.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында түрлі бағытта кешенді шаралар жоспарланды.

Басты мақсат – өңіріміздегі барлық ұлттар мен ұлыстар тарихын, мәдениетін тани білу, құрметпен қарау, татулық пен достықты нығайту, тұрақтылық пен келісімнің ел дамуындағы маңыздылығын және бүкіл жетістіктеріміз бен табыстарымыздың негізі екендігіне жас ұрпақ назарын аудару. Осы мақсатта «Татулық пен бірлік – Қазақстандық қоғамның басты құндылықтары» тақырыбындағы дәріс-сұхбат 2015 жылдың 6 ақпаны күні колледжде өтті. Бұл туралы колледждің баспасөз қызметі хабарлады.

Шараның өтілуіне «Қоғамдық ғылым пәндері» пәндік циклдік комиссиясы оқытушылары, «Жастар» орталығы, кәсіподақ ұйымы тікелей атсалысты. Айтулы басқосуға Сыр өңіріне есімі мәлім ардагер ұстаз, ұзақ жылдар мектеп басқарып, талай жастың өмірлік мұраттарын айқындаған Подольский Марк Захарович, әлем чемпионы Илья Ильиннің анасы Галина Яковлевна Ильина, кезінде осы колледжде қызмет атқарған, қазір қаладағы «Жеті қазына» бала бақшасын басқарып отырған Ким Раиса Константиновна, колледж қызметкері Ли Елена Анатольевналар шақырылды.

Алдымен шара қонақтары колледж фойесіндегі Тұңғыш Президентке арналған саяси-ақпараттық, екінші қабаттағы «Ерлік» залдары мазмұнымен танысты. Мұнан соң колледж мәжіліс залына жиналған қауым алдында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Жанбатыр Аманкелді Сапабекұлы «Ассамблея – бірлікке бастар жол» тақырыбында дәріс оқыды. Қатысушылар Ассамблеяның құрылу тарихы, Тәуелсіз Қазақстан дамуындағы маңызы, осы жылы басымдық берілудегі мақсат жайлы кең мағлұмат алды деуге болады.

Шарадағы ең бір маңызды болған сәт-жиынға келген өзге ұлт өкілдерінің әңгімелері еді. Марк Захарович Қазақстандағы тұрақтылық, Ассамблеяның Сыр өңірінде құрылу тарихы, қазақ халқының ұлттық ерекшелігі жайлы айта келіп, сөзін мынадай тілекпен аяқтады: «Сіздердің оқу орнында қалыптасқан жақсы жүйе, дәстүр бар, әрдайым жаңалыққа әуессіздер. Мектеп директоры болған уақытымда жұмысқа осы колледжден бітірген мамандарды бірінші кезекте қабылдайтынмын. Колледж директоры Әлима Жақыпқызы өте жаңашыл, бастамашыл, жан-жақты. «Нұргүл» ансамбльдеріңіз қатты ұнайды, Сырдың ең сұлу қыздары да осы оқу орнында деп білемін. Бүгін мынадай шараға қатысып отырғаныма өте қуаныштымын!»

Ардагер ұстаз тілегін Илья Ильиннің анасы: «Мен негізі Красноярск жеріненмін. Есіме мынадай бір жәйт түсіп отырғаны: біздің би үйірмесіне бір қыз жетекшілік ететін, сол қыздың қазақ екенін мен арада көп жылдар өткен соң білдім. Сонда біздің ұлт, ұлыс деп ешқандай бөлмегеніміз ғой. Одан дәм-тұз айдап, Қазақстан жеріне келіп, осы елдің азаматына тұрмысқа шықтым, бәріне де шүкір деймін. Қазақстанда тұрып жатқаныма еш өкінбеймін, бұл менің де Отаным», – деді. «Балаларыңызды қалай тәрбиеледіңіз?», «Ильяға Ресейден шақыру түсіп жатыр деп естідік, бұл туралы не айта аласыз?» деген сұрақтарға Галина Яковлевна Ильина: «Бізде үш ұл бар екенін білесіздер. Мен балаларымды ең алдымен еңбекке тәрбиеледім, жолдасым екеуміз де еңбектен еш қол үзген емеспіз, не тапсақ та, бізге еңбектің, төккен тердің арқасында келді. Ильяны да атақты еткен күні-түні аянбаған тынымсыз еңбек. Ал біз Қазақстаннан басқа жерге кету туралы еш уақытта ойланған да емеспіз. Біз үшін де, Илья үшін де бір ғана Отан бар, ол – Қазақстан», – деп тебіреніспен жауап берді.

Құрметті қонақтың бірі Ким Раиса Константиновна да: «Колледжден бір кезде жұмыс бабымен кетсем де, сабақтастық үзілген емес, қазір кәсіби әріптестік бағытта колледж студенттері біздің балабақшадан тәжірибе жинақтаудан өтеді. Келіп жатқан студенттердің әдістемесі жақсы, жаңа технологияны жетік меңгере білген. Колледжге, оның басшысына өте ризамыз, қандай шара болмасын біздерді тыс қалдырған емес . Білім ордасының 80 жылдығында жарық көрген «Білім нұры» деген кітапқа да енгізді. Мен қазақ халқының бойындағы өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қараудағы ерекше қасиеттерін жоғары бағалаймын. Бүгінгі шараның өзі – студенттер үшін өнеге мектебі», – деп өз ойымен бөлісіп, ағынан жарылды.

Колледж қызметкері, украин қызы Ли Елена өзінің тарихи Отанындағы қазіргі қиыншылықты айтып, ішкі қиналысы мен жан толқынысын да жасыра алмады. Өйткені ол жақта туыстары, достары бар, бәрін де түсінуге болады. Өзінің осындай тұрақтылығы, тыныштығы сақталған елде өмір сүріп жатқанын мақтан тұтты.

Мұнан соң облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Аманова Жанат Қазақстан халқы Ассамблея жылына арнап дайындалған көшпелі көрме мазмұнымен таныстырды. Көрмедегі түрік, кәріс, шешен, өзбек, славян халықтарының ұлттық киімдері, тұрмыстық заттары, музыкалық аспаптары, кітап, журналдары көрермендерді қатты қызықтырды. Патриоттық нақыштағы «Атамекен» әні шырқалып, оқытушылар мен студенттер қонақтармен естелік суретке түсті. Бүгінгі басқосу түрлі ұлттар арасындағы достық пен татулықтың белгісі, рухани тағылым болып жас ұрпақ жадында қалары айқын.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз