Илья Ильин Ресей Президентінің Кубогы үшін өтетін халықаралық турнирге қатыспақ

37

0

Илья Ильин Ресей Президентінің Кубогы үшін өтетін халықаралық турнирге қатыспақ12-13 желтоқсан күндері Грозный қаласында Ауыр
атлетика бойынша Ресей Федерациясы Президентінің Кубогы үшін бесінші
халықаралық турнир өтеді.

АҚШ-тың
Хьюстон қаласында Ауыр атлетикадан әлем чемпионаты күні кеше
аяқталғанмен, ауыр зілтемірді көтеріп, жұртшылықты таңғалдыратын
спортшылар енді Грозный қаласында бас қосып, тағы да өз күштерін дүние
жүзіне паш етпекші.

Ресей Ауыр атлетика федерациясының президенті
Сергей Сырцовтың айтуынша, биыл РФ Президентінің Кубогы Халықаралық ауыр
атлетика федерациясы (IWF) тарапынан айрықша мәртебе алып отыр.
Айталық, турнир бесінші мерейтойлық жылында өткелі тұр, екіншіден, осы
жарыс аясында Ресейде ауыр атлетиканың бастау алғанына 130 жылдық
мерейтойы атап өтілетінімен ерекшеленетін болса, сондай-ақ спортшылар
осы турнирде 2016 жылғы Олимпиадаға лицензия ұтып алу мүмкіндігіне ие
болып отыр.

Бұған дейін Қытайда өткен халықаралық турнирде
жеңіл және орта салмақтың өкілдері күш сынасқан болса, ал Қап тауында
алыптар кім мықтыны анықтайды. Онда әйелдер арасында екі, ерлер үш
салмақ бойынша сынға түседі. Нақтылап айтар болсақ, әйелдер 75 келіге
дейін және 75 келіден жоғары салмақ бойынша күш сынасады. Ал ерлер
арасында 94 және 105 келіге дейін, сондай-ақ аса ауыр (105 келіден
жоғары) салмақтағы зілтеміршілер осы турнирге қатысу мүмкіндігіне ие
болып отыр.

Ұйымдастырушылардың мәліметіне сүйенсек, қазірдің
өзінде аталған турнирге әлемнің 20 елі өздерінің спортшылары қатысатынын
мәлімдеген. Соның ішінде 105 келіге дейінгі салмақ бойынша Қазақстанның
әлемге әйгілі спортшысы, Олимпиаданың екі дүркін, әлемнің төрт мәрте
жеңімпазы Илья Ильиннің қатысуға өтініш беріп қойғаны белгілі. Ал 105
келіден жоғары салмақта Ресейдің танымал атлеті, 2014 жылы Алматы
қаласында өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы Руслан Албегов қатысатыны
жоспарланып отыр. Әлем назарын аударатын осы Гран-при турниріне
қазақстандық жанкүйерлер де ерекше көңіл бөлетіні анық. Өйткені бұл
жарыста Илья Ильиннің жеңісті жолын жалғастырғанын асыға күтері сөзсіз.

Бұл күндері қызу дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Осы шараны ұйымдастыру комитетінің кезекті отырысында турнирді
телеарналардан көрсету мәселесіне де баса көңіл бөлінді. Көптеген
елдердің алыптары бас қосатын бұл бәсеке Бүкілресейлік мемлекеттік
телевизиялық және радио хабарларын тарату компаниясының арналары бойынша
және «Еуроспорт» телеарнасында көрсетілетіні жоспарлануда.

Жан-жақтан келген бапкерлер мен спортшылар
«Грозный-Сити» қонақ үйіне орналаспақшы. Ауыр атлетшілерді допингке
тексеру жүргізу рәсімімен қатмамасыз ету мәселесі де қолға алынған.
Бүгінгі таңда жеңімпаздарға берілетін медалдар мен Кубоктың
кішірейтілген көшірмесіне тапсырыс берілгені анықталып отыр.

Ресей Президентінің кубогы «Олимпийск» спорт кешенінде сарапқа салынады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз