Ирактық компания Қызылордадан ет алғысы келеді

54

0

 
Жақында Ирактың сауда нарығындағы ет импорты жөнінен көшбасшы компаниялардың бірі – «AlHasanat LTD» компаниясының басшысы Қызылорда облысына келіп, Кәсіпкерлер палатасының алаңында аймақ кәсіпкерлерімен кездесті.
Ирактың ірі қалаларында орналасқан сыйымдылығы айына 7 мың тоннаға дейін мұздатқыштары бар компания еттің басым бөлігін АҚШ, Украина, Индия мемлекеттерінен алады екен. Енді Қазақстанмен де бұл бағытта әріптестік негізде жұмыс жасағысы келеді.
Компания басшысының Қызылордаға келуі үшін Кәсіпкерлер палатасының мамандары ұзақ уақыт келіссөздер жүргізіп, (визасы дайындауына және Украинадағы өкілдіктің қызметкерлерінің келуіне көмек көрсетілді), нәтижесінде компания басшысы маусым айының екінші онкүндігінде өңірге арнайы келді.
Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Жасұлан Серіков: «Бүгінде Иракта 37 млн.-ға жуық халық тұрады. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 85 млн.-ға өседі деген болжам бар. Сондықтан да бұл елде етке сұраныс аса жоғары. Мәселен, қозы етінің 1 кг-мы біздің теңгеге шаққанда орта есеппен 4500-4800 теңгені құрайды. «Al Hasanat LTD» компаниясының басшысы өңірге жұмыс сапарымен келгенде қозыларды тірідей және мұздатылған қозы етін алғысы келетіндіктерін жеткізді. Қойылатын талап: туылғанына 12-18 айдан аспаған және сойыс салмағы 18-20 кг-нан аспайтын қозы еті. Кездесу барысында алдағы уақытта бірге жұмыс жасауға келісіп, Кәсіпкерлер палатасы мен «Al Hasanat LTD» компаниясы арасында Меморандумға қол қойылды», – дейді.
Кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен кездесуден кейін ирактық кәсіпкерлер Жаңақорған және Сырдария аудандарында болып, «Көбелдес» ШҚ, «Бахытжан» ШҚ, «Ынтымақ» ЖШС және «Абай Дәулет» шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты.

Қызылорда облысы
 кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз