ИСЛАМ ДІНІ – БЕЙБІТШІЛІК БАСТАУЫ

52

0

ИСЛАМ ДІНІ – БЕЙБІТШІЛІК БАСТАУЫБүгін Қызылорда қаласында «Ислам діні – бейбітшілік бастауы» атты халықаралық
ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғылыми басқосуға облыс әкімі Қырымбек
Көшербаев және өңіріміздегі ислам дінінің дамуына қатысты зерттеу жасап жүрген
мамандар, берісі Астана мен Алматы, Қазақстанның аймақтарынан, арысы Ресей,
Түркия, Өзбекстан мен Қырғызстаннан арнайы келген дінтанушылар, теологтар, сарапшылар
қатысты.

Н.Бекежанов
атындағы қазақ музыкалық драма театрында өткен конференцияның пленарлық
мәжілісінде облыс әкімі Қ.Көшербаев айтулы жиын мәні зор, мазмұны ерекше шара
екендігін айтты. Себебі, діннің адам, қоғам және мемлекет өміріне деген әсері
уақыт өткен сайын күшейіп келеді.

– Сыр елі – түркі
халықтарына ортақ, ұлы тұлға Қорқыт бабаның өмір сүріп, мәңгілік мекен тапқан
жері. Сыр бойының тарихы мен мәдениеті тек шайырлар мен ақындар, батырлар мен
билер ғана емес, сонымен қатар, дін таратушы қайраткерлер, атақты абыз-ахундар
мен ишандар шыққан киесімен де ерекше. Біздің исламды өз дініміз деп танып,
құбылаға бет бұрғанымызға он екі ғасыр болыпты. Осы аралықты діннің дәуірлеуін
де, құлдырауын да, оның игілікке бастар қасиетті қуатын да, зұлымдықтың
құралына айналған қасіретін де көрдік. «Дін – ұстай алсаң – қасиетің, ұстай
алмасаң – қасіретің” деген қазақы нақыл – жалпы адамзат тарихындағы діннің бар
болмысы екендігіне көз жеткіздік, – деген облыс әкімі, саяси ғылымдарының
докторы Қырымбек Елеуұлы елдегі және әлемдегі діни ахуалды сараптады.

Бейбітсүйгіш Франция елін
дүрліктірген және Мали мемлекетіне лаң салған дін атын жамылған содырлардың
әрекетін сынға алды. Олардың кесірлі істері асыл дін исламға үш қайнаса сорпасы
қосылмайтынын айтты. Лондонның бейбітшілік және экономика иститутының
мәліметінше, 2015 жылы терроризмнің салдарынан қаза тапқандардың саны 80
пайылға өсіп кеткен. Яғни, 32 мыңнан астам адам. Осы тұрғыда ең қауіпті
елдердің қатарына Ирак, Нигерия, Ауғанстан, Пәкістан және Сирия жатқызылды.
Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы қарулы қақтығыстардың салдарынан шамамен 13
миллион бала мектепке барып, білім алу мүмкіндігінен айрылып отыр.

Ислам дінінің ішіндегі
радикалды ағымдардың әлемнің түкпір-түкпіріндегі осындай озбыр әрекеті дүниені
дүрліктіріп отыр. Ең өкініштісі, бұл жағдай табиғаты бейбітшіл Ислам дініне
көлеңке, оны ұстанушы ізгі ниетті миллиард жарым адамның көңіліне қаяу
түсіруде.

Осы ретте облыс әкімі
Қырымбек Елеуұлы Елбасының сарабдал саясатының арқасында бүгінде Қазақстан әлем
мойындаған мәдениетаралық және конфессияаралық сұхбат алаңына айналғанын атап
өтті. Ал Астана қаласында 2003 жылдан бастап тұрақты өтетін әлемдік және
дәстүрлі дін жетекшілерінің съездері еліміздің әлемдік бейбітшілікке қосқан зор
үлесі ретінде жоғары бағалануда. Осы съездің бірінде Елбасы: «Жаратушы –
жалғыз, дүние – ортақ, аспан асты – кең, ендеше, біз бір атаның баласы, бір
ананың перзентіндей бір-бірімізбен береке-бірлік пен ынтымақта өмір сүруіміз
керек», – деп әлем халықтарын бейбітшілікке шақырған болатын.

– Қазіргі уақытта ислам
дініне түрлі «измдерді» таңып, теріс көзқарас қалыптастыруға әрекеттенушілер аз
емес. Олар біздің елде де бар. Сондықтан,
біз өз азаматтарымыздың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ете отырып, өз
дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін жат қоғамдық нормалар мен әдетке
үндейтін әрекеттерге қарсы тұра білуіміз қажет, – деп сөзін түйіндеді аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы.

Жалпы, Сыр өңіріндегі
діни ахуал тұрақты деп сипатталады. Биыл жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға
сүйенсек, респонденттердің 90 пайыздан астамы «тұрақты» деп бағалаған.
Сондай-ақ, Қазіргі таңда «Нұр-Мүбарак» университетінде сырбойылық 48 шәкірт
білім алуда. Оның ішінде 11 студенттің оқу ақысы мен жатақханасына бюджеттен
тыс көздер арқылы қаржылай демеушілік жасалынып, өңір мешіттерін білімді
теологтармен қамтамасыз ету мәселелері шешілуде.

Конференцияның пленарлық
отырысынан кейін Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханасында секциялық
отырыстары өтті. Онда ғалымдар дін мәселесіне қатысты тұшымды ойлары мен
ұсыныстарын білдіріп, діни терроризм мен экстремизмнің қауіп-қатеріне қарсы
тұрудың ғылыми-идеологиялық тәсілдерін пысықтады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз