ИСЛАМ ДІНІ – БЕЙБІТШІЛІК БАСТАУЫ

48

0

ИСЛАМ ДІНІ – БЕЙБІТШІЛІК БАСТАУЫБүгін Қызылордада «Ислам діні – бейбітшілік бастауы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысына Ресей Федерациясы, Түркия, Египет Араб Республикасы, Өзбекстан және Қырзғыз Республикаларынан және т.б. елдерден сарапшылар мен теолог ғалымдар қатысты.
Конференцияны ашқан облыс әкімі, саяси ғылымдарының докторы Қырымбек Көшербаев дін мәселесі бүкіл әлемде өршіп тұрғанын атап өтті.
– 2015 жылы экстремизм құрбандарының саны 80 пайызға артты. Терроризм бүкіл әлемге қауіп төндіріп тұрған үлкен күш. Көпшілік «ислам» ұғымы мен «діни экстремизмді» шендестіріп жүр. Осы арада Елбасы исламды бейбітшілік пен мейірімділіктің, төзімділік пен әділеттіліктің діні, бейбітшіліктің бастауы екенін ұдайы айтып келеді. «Қасиетті Құранда бір адамды өлтіру бүкіл адам баласын өлтіргенмен тең», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы V әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшыларының съезінде. Сондықтан «ислам» мен «экстремизмді» егіз ұғым деу қате түсінік, – деді облыс әкімі.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбек ислам дінінің діңгегі біртұтас екенін тілге тиек етті. Ол бейбітшілікке бастайтын дін екенін атап өтті.
– Елдегі діни ахуал тұрақты. Дегенмен, дінді жамылып жүрген түрлі теріс ағымдардың бар екенін де жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан құрметті конференцияға қатысушылар баршаңызды қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға аса мән беруге шақырамын. Өйткені тұрақтылықты ұстап тұру мемлекеттің негізгі ұстанымдарының бірі, – деді Ғабит Абзалбек.
Барлық конференция қатысушылары дәстүрлі діннің бейбітшіліктің бастауы екенін бірауыздан қолдайтындықтарын білдірді. Сонымен қатар, сенім мәселесі адамның да, бүкіл әлем үшін де маңызды екенін айтты. Конференция қорытындысы бойынша ынтымақтастық қарым-қатынасты бекітетін Үндеу жарияланды.
Айта кететін мәселе Қызылорда облысынан 48 студент қазір «Нұр-Мүбарак» университетінде білім алуда. Сонымен қатар, аймақта үнемі халықпен кездесулер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, түрлі шаралар өткізіліп келеді. Өңірде 166 діни бірлестік бар, оның 12-сі жергілікті, ал 54-і респбуликалық ұйымдардың филиалдары. Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандар қауымдастығына қарасты 152 мешіт бар. Жыл басынан бері тағы 4 мешіт ашылды. Тұрғындардың 95 пайызы облыстағы діни ахуалды тұрақты деп бағалаған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз