ИММУНДАУ АПТАЛЫҒЫ

69

0

ИММУНДАУ АПТАЛЫҒЫ24-30 сәуір аралығы облыста иммундау апталығы болып жарияланды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мамандар апталықтың мән-маңызын айтты. 
Осы бір жетінің ішінде сырттан келген, тұрғылықты мекен жайы жоқ, тіркелмеген және жұмыссыз адамдар кез келген емханаға келіп, екпе салдырамын десе, еш қарсылық жоқ. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Әлия Ыдырысова жұқпалы аурулардың алдын алудағы тиімді әдіс – вакцина екеніне сендіріп отыр. ХVІІІ ғасырдан басталған иммундау шараларының арқасында 1978 жылдан бері натуралды оспа ауруы мүлдем жойылды. 2002 жылдан бастап еліміз полиомиелиттен, 2012 жылдан бастап безгек ауруынан бос боп саналады. 
– Кестеге сәйкес 19 түрлі жұқпалы ауруға қарсы алдын ала егу жүргізіліп келеді. Ол бала дүниеге келгеннен бастап 56 жасқа дейін жалғасады. Иммундау шараларын аяжандар арнайы егу бөлмесінде жасайды, – дейді Ә.Ыдырысова. 
Облыстағы 225 емдеу-сауықтыру мекемесінің 183-інде егу бөлмесі бар. Ал шалғай елді мекендердің халқы үшін жылжымалы егу бригадасы жабдықталған. Соңғы рет жоспардан тыс егу екі жыл бұрын жүргізіліп, қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалы тұрақтанған болатын. 
Вакцинадан бас тартатындар да табылады. Өткен жылы 68 баланың ата-анасы келіспесе, биыл І тоқсанда 14 адам балаларына екпе салдырмаған. Мамандар мұның себебін бірінің діни сенімімен, енді бірінің вакцинаға сенбейтінімен байланыстырады. 
Брифингте облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігері Гүлнар Оспанова іш аурулары мен олардан сақтану жолдарын айтып берді.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз