Кандидат Н. Назарбаевтың РҚШ мүшелері Қызылорда облысының тұрғындарымен кездесті

56

0

Кандидат Н. Назарбаевтың РҚШ мүшелері Қызылорда облысының тұрғындарымен кездестіБүгін, 10 сәуір күні Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Н.Ә. Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері Қызылорда облысына барып, Сыр өңірінің облыс активімен, теміржолшыларымен және фермерлерімен кездесулер өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Делегация құрамында ҚР Президенттігіне кандидат Н.Ә. Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясының төрағасы Ғани Қалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҮЕҰ, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым өкілдері, белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері, спортшылар бар.

Қызылорда облысының активімен кездесу Нартай Бекежанов атындағы драма театр ғимаратында өтті. Сыр өңірінің тұрғындары аймақтың дамуына Елбасының ерекше еңбек сіңіргенін атап өтті.

Мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов Арал теңізін құтқару бойынша Президенттің жасаған еңбегіне облыс тұрғындарының дән риза екендігін жеткізді.

«Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша салынған бөгеттің арқасында су қоймасындағы судың деңгейі 12 метрге көтерілді, ал Арал қаласы мен теңіз арасындағы арақашықтық 100-ден 20 шақырымға дейін қысқарды. Өңірде балық шаруашылығы қайтадан жандана бастады», – деді С.Шаухаманов.

«Тоқсаныншы жылдары Арал проблемасы бүкіл әлемдік қоғамдастықты толғандырды, бірақ Мемлекет басшысы тұтас бір өңірді құтқарып, оның жаңа өміріне дем берді», – деп атап өтті «Арал балық» зауытының жұмыскері Айшабақ Бәйтімова.

Сондай-ақ РҚШ мүшелері вагон жөндеу депосында болды.

«Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» стратегиялық жобасы – теміржол тарихына алтын әріппен жазылған жоба. Кезінде осы арақашықтықты қосу арман ғана еді. Бүгінде Елбасы осы арманды жүзеге асырды. «Сексеуіл-Қоскөл» темір жолы 363 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Соның ішінде мен де бармын, жас маман ретінде Сексеуіл стансасында жас жұмысшыларға арнап салынған жаңа үйден пәтер алдым. Жаңа магистральдар – тәуелсіздігіміздің үлкен жетістігі, бұл Елбасының еңбегі!» – деді жас теміржолшы Нұрлан Өрекешев.

Кездесуде автожолшылар атынан «Қазжолжоба» ЖШС жұмысшысы Юрий Немченко сөз алды. Ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» мегажобасы мен «Қызылорда – Жезқазған» автожолының өңір үшін тарихи рөлі туралы әңгімелеп берді.

«Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған өзінің ауқымы бойынша теңдесі жоқ жобалар мыңдаған қызылордалықтарға жұмыс тауып берді, сондай-ақ ең бастысы олар нағыз «өмір жолына», тұтас бір облыстың «асыраушысына» айналды», – деп тоқталды Ю.Немченко.

Түстен кейін РҚШ мүшелері аймақ фермерлерімен кездесті. Олар аграрлық секторға қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс білдірді.

«Бүгінгі күні ауылдағылар өз болашағына кәміл сенеді, өйткені өз бизнесіңді дамыту үшін барлық жағдай жасалған, шаруалар егін егіп, мал шаруашылығын дамытып, ертеңгі күніне, өздерінің Көшбасшысына сеніммен қарайды, өйткені Елбасының саясаты жасампаздық пен жетістікке бағытталған», – деп атап өтті сөйлеген сөзінде Жалағаш ауданының фермері Әліби Бекжанов.

Қызылорда облысының тұрғындары 26 сәуір күні Ұлт Көшбасшысына дауыс беретіндіктеріне сендірді, өйткені Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің кепілі болып табылады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз