КАНДИДАТҚА КУӘЛІК БЕРІЛДІ

49

0

Бейсенбі күні Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының отырысында ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттар А.Әлназарова, Е.Әжікенов, М.Бақтиярұлы, Т.Кенжебаевты қолдап таңдаушылардың қолдарын жинауға арналған қол қою парақтарындағы қойылған қолдардың тексеру нәтижелері қаралып,  Сенат депутаттығына кандидат М.Бақтиярұлын тіркеу туралы шешім қабылданды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық сайлау комиссиясының төрағасы А.Жүнісов ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттар А.Әлназарова (2 мамырда), Е.Әжікенов (3 мамырда), М.Бақтиярұлы (2 мамырда), Т.Кенжебаевты (3 мамырда) қолдап таңдаушылардың қолдарын жинауға арналған қол қою парақтары облыстық сайлау комиссиясына өткізілгендігін атап өтті.
 Қойылған қолдардың растығы облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп тексерілді, ол туралы өзара акт жасалды және тексеру нәтижесінде жарамсыз деп танылған қолдар анықталмады. Осылайша, А.Әлназарованы қолдап облыс бойынша барлық деңгейдегі 9 мәслихаттың 32, Е.Әжікеновті – 32, М.Бақтиярұлын – 32, Т.Кенжебаевты – 31 депутат қолдап қол қойған. 
Жоғарыдағылардың негізінде аталған кандидаттар тіркелу үшін мемлекеттік кіріс органдарына өзіне және жұбайына/зайыбына табысы мен мүлкі туралы декларацияларды тапсырып, тапсырғаны туралы анықтамаларды, сонымен қатар 366885 теңге сайлау жарнасын ҚР Орталық сайлау комиссиясының шотына аударғандығын растайтын құжатты облыстық сайлау комиссиясына тапсыруына болады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша барлық қажетті құжаттарды түгел облыстық сайлау комиссиясына тапсырған ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат Мұрат Бақтиярұлын тіркеу туралы шешімді қолдап облсайлауком мүшелері бірауыздан дауыс берді. Кандидатқа тиісті куәлік табысталды.
Үгіт науқаны 2017 жылғы 8 маусымнан басталады. Осы уақытқа дейін кандидаттың қандай да бір үгіт жүргізуіне заңмен тыйым салынған.
Ы.ТӘЖІҰЛЫ.
 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз