
Оның қатарында Қазалы ауданының құрметі азаматын анықтау жағдайы да талқыланды. Марапаттау комиссиясы депутаттар назарына «Құрметті азамат атағына» лайықты бес азаматты ұсынды. Олардың бірі – қазақтың талантты композиторы, Қазалының тумасы – Кеңес Дүйсекеев.
К.Дүйсекеев 1946 жылдың 10 ақпанында Қазалы ауданы Пірімов ауылында дүниеге келген. 1994 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері атағын алған. 1974 — 1976 жылдары «Гүлдер” ансамблінің бас дирижері және музыка жетекшісі қызметін атқарса, 1976-1979 жылдары «Қазақконцерт” гастрольдік-концерт бірлестігінің музыка жетекшісі болды. Сондай-ақ, ол кісі 1975 — 1984 жылдары Қазақ теледидары музыка редакциясының бас редакторы болып қызмет атқарған. Дүйсекеевтің жетекшілігімен «Тамаша”, «Халық — талант қайнары”, «Шабыт”, «Жастарға арналған музыкалық кештер”, «Музыка әлемінде”, т.б. теледидарлық бағдарламалар шығарылды. 1984-1997 жылдары Қазақстан мемлекеттік телерадио комитеті эстрадалық-симфония оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болды. . Ол — «Толғау” симфониясының, «Жалаңтөс батыр” симфония поэма-картинасының, «О, дүние” кантатасының, «Жыл мезгілдері” романстар циклінің, «Мәди”, «Аққу Жібек” мюзиклінің, «Алдар көсе” опереттасының, симфония-концерттер, аспаптарға арналған концерттер, камералық оркестрге шығармалар, соната, рапсодия, вариациялар және 200-ден астам әндердің авторы. Дүйсекеев әндерін Р.Рымбаева, Н.Есқалиева, М.Жүнісова, А.Мейірбеков, Н.Өнербаев, М.Дәулетбақова және өзге де әншілер орындап жүр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!