Кеңес Одағының батыры Жаппасбай Нұрсейітовтің атына сынып ашылды

86

0

Кеңес Одағының батыры Жаппасбай Нұрсейітовтің атына сынып ашылдыҰлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «Аңызға айналған адам» атты Кеңес
Одағының Батыры Жаппасбай Нұрсейітовке арналып Қызылордада сынып ашылды.
Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Салтанатты
шараға батырдың қыздары Роза, Римма Нұрсейітовалар және Ұлы Отан
соғысының ардагерлері Мақсұт Сырғалиев, Рысбай Жұмабек арнайы шақырылды.
Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек  Шаухаманов
бастаған бір топ ардагерлер қатысты.

Жаппасбай Нұрсейітов 1923 жылы 9 мамырда
Тереңөзек ауданындағы «Қурайлы» ұжымшарында туылған. Қызыл Армия
қатарына 1942 жылы шақырылды. Ол кезде бар болғаны 18 жаста болатын.
Әуелде башқұрт шабуылдаушы дивизиясындағы жас әскерлер курсына, кейін
Поляр қаласындағы сүңгуір қайық матросын дайындайтын арнайы мектепке
қабылданған. Бірақ ол мектепке қабылдана тұра, бірде-бір рет теңізге
шығып көрмеген екен. Содан кейін ол теңіз жағалауындағы жаяу әскер
қатарына сұранып, Рыбный аралындағы Мұста-Тендри түбегінде
майдандастарымен бірге фашистерге қарсы оқ жаудырады. 1942 жылғы жаз. 
Ж.Нұрсейітов Сталинград шайқасында барлаушылар взводы командирінің
міндетін атқарды. Сталинград маңындағы Ахтырка қаласы үшін болған ұрыста
бір өзі 35 фашистің көзін жойды. Сондай-ақ ол өзінің жауынгерлерімен
бірге генерал-фельдмаршал Паулюстің штабын алуға қатысты. Осы
шайқастардағы аса белсенділігі мен ержүректігі нәтижесінде «Ерлігі үшін»
медалімен марапатталды.

Курск шайқасы. Бұл кімнің жеңіске жететінін
айқындайтын шешуші майдан еді. Жаудың «Рейх», «Викинг», «Мертвая голова»
атты үш «СС» танк дивизиясы біздің жауынгерлерге қарсы тұрғандықтан өте
қиынға соқты. Саранчевка, Соловьевка, Богодуховка, Ахтырка елді
мекендері үшін қанды шайқас ерекше болды. Солардың бәрінде Жаппасбай
Нұрсейітовтің тобы айрықша үлгі көрсете білді. Фашистердің жан-жақты
атылып жатқан оғынан біздің танктердің жүруге мүмкіндігі болмай қалған
тұста, Жаппасбай жасырын барып, қарсыластар танктерін екі гранатамен
жойып жіберді.

1943 жылғы қыркүйек айы. Днепр өзенінен өту
кезінде Ж.Нұрсейітов отырған қайықты жағаға 50 метр қалғанда жау
снарядының жарықшағы тесіп жібереді. Осы кезде Ж.Нұрсейітов әлгі тесікті
денесімен жауыпты. Ешқандай сескенуді білмейтін жауынгер үш тәулік бойы
дұшпанның 13 рет қайта жасаған шабуылына тойтарыс беруге қатысып, 150
гитлершілдердің көзін құртты. Сол кездері бір пулеметтен екіншісіне,
одан келесісіне жүгіріп оқ жаудырып, қарсыластарын жойып отырды. Бұйрық
беру пунктінен мұның бәрін 27-ші әскери басқарушы генерал-лейтенант
Трофименко көріп тұрған. Осы шайқастарда қатты жараланған Ж.Нұрсейітовке
Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бұл 1943 жылдың қарашасы еді, ал
1944 жылдың 10 қаңтарында бұл атақ КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының
Жарғысымен бекітілді.

Соғыстан кейінгі жылдары Жаппасбай Нұрсейітов
Қызылорда қаласының Жаңақорған ауданында 1968-1972 жылдары ПМК қызметі
орнында басшы қызметін атқарды. 1972-1976 жылдары Аэропортта жұмыс
істеген.

Жаппасбай Нұрсейітовтің  2 қыз, 3 немересі, 3 шөбересі бар.

Қала әкімі жанындағы қалалық мәслихат
комиссиясының  2003 жылғы 6 наурыздағы №1 ұйғарымымен жерлесіміз Кеңес
Одағының Батыры Ж.Нұрсейітовтің есімін мәңгі есте қалдыру мақстатында
№233 орта мектебі даңқты батырымыз Ж.Нұрсейітовтің есімімен аталды. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз