Клуб кәсіпорындарының ұжымдары Қазалыда бас қосты

48

0

Клуб кәсіпорындарының ұжымдары Қазалыда бас қостыКлуб кәсіпорындарына әдістемелік көмек көрсету, тәжірибе алмасу, клуб қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, облыстық халық шығармашылығын дамыту және продюсерлік орталығы «Мәдениеті өскен ел – өркениетке көшкен ел» атты облыстық семинар-кеңес ұйымдастырды. 
Оған Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш аудандарындағы клуб кәсіпорындарының басшылары мен әдіскерлері, Қызылорда қаласы мен Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аударынының арнайы өкілдері, Әйтеке би кенті мен қала, ауылдық округ әкімдері қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Арман Қаржаубаев аудан әкімінің құттықтауын жеткізіп, мәдениет саласындағы жетістіктер мен халықтың рухани өмірін, салт-санасын, дәстүрін кеңінен насихаттап жүрген сала жұмысы туралы айтты.  «Ауыл мәдениеті – ұлттық идея тынысы» тақырыбында облыстық халық шығармашылығын дамыту және продюсерлік орталығының директоры Сәбит Аманкелдиев, «Бұқаралық мәдени-көпшілік шараларға жасалатын режиссерлік жұмыстардың қыр-сыры» тақырыбында орталықтың бас режиссері Орынкүл Бұрханова, «Әдіскерлердің кәсіби біліктілігін арттыру-әдістемелік жұмысты тиімді ұйымдастырудың кепілі» тақырыбында орталықтың әдістемелік-ұйымдастыру бөлімінің маманы Райкүл Сәрсембаева, «Мамандығым – табысты өмірімнің кілті» тақырыбында Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Бауыржан Ізмағамбетов баяндама жасады. 
Семинар барысында клуб қызметкерлерінің кәсіби білім-біліктілігін сарапқа салатын «Ой жүйрік» атты атты ауданаралық топтық сайыс ұйымдастырылды. Оған Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш аудандарының әдіскерлері қатысып, тақырыптарға сәйкес  әр аудан өз тобының атын, мәдени шараның жаңа түрін тез арада тауып, тапқырлықтарын көрсетті. Нәтижесінде бірінші орынды Қазалы ауданы, екінші орынды Қармақшы ауданы, үшінші Жалағаш ауданы, төртінші орынды Арал ауданы иеленді. Семинардың бірінші бөлімін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Құрамысова Жанат қорытындылап, әр ауданның мәдениет саласын дамытуға үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлерді марапаттады. 
Семинардың екінші бөлімі Ғ.Мұратбаев ауылдық мәдениет Үйінде «Жанкент – шежірелі шаһар» атты тақырыпта жалғасып, «ЭКСПО – 2017»   көрмесі қарсаңында облыстық «Мәртебелі Қазақстан» атты жабық сценарийлер байқауының нәтижесі қорытындыланды. Ж.Тұрсынов атындағы халық театры дайындаған театрландырылған қойылыммен басталған мәдени шарада «Атамұра» халықтық ардагерлер ансамблі, «Әуезовтер» халықтық отбасылық ансамблі, аудандық мәдениет Орталығы жанындағы орыс ұлт аспаптары ансамблімен қатар ән-би ұжымдары өнер көрсетіп, ауданға келген қонақтарды тәнті етті.
Клуб кәсіпорындарының ұжымдары Қазалыда бас қостыСеминардың үшінші бөлімі аудандық мәдениет Орталығында өткізіліп, аудандық,  ауылдық  мәдениет үйлері  мен ауылдық  клуб директорлары және әдіскерлеріне арналған дәстүрлі облыстық «Әдіскер сағаты» атты шеберлік дәрісі болды. Мәдениет саласының қызметкерлеріне теориялық, практикалық іс-тәжірибелер мен әдістемелік көмектер, қажетті ақпараттар мен мағлұматтар беріліп, облыстық халық шығармашылығын дамыту және продюсерлік орталығының қызметкерлері өз тәжірибелерімен бөлісті. 
Төртінші бөлімі Әйтеке би кентіндегі Орталық алаңда «Ауыл кеші көңілді» атты аудан өнерпаздарының гала-концертіне ұласып, халыққа мерекелік көңіл-күй сыйланды. 
Бекзат ӘЖІМҰРАТ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз