Кәмелетке толмағандардың әкімшілік жауаптылығы

107

0

Кәмелетке толмағандардың әкімшілік жауаптылығыҚызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотында жыл басынан бері кәмелетке толмағандарға қатысты 33 іс қаралып, оның біреуіне айыппұл салынса, қалғандары әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 68-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылықтан босатылып, іс жүргізу тоқтатылды. Істерді іріктеп тексерудің нәтижесі бұл санат бойынша соттардың тәжірибесі қалыптасқанын көрсетті.
Мәселен, кәмелетке толмаған А. көлік жүргізу құқығы жоқ бола тұра биылғы 12 қаңтар күні түнгі сағат 23.00 шамасында басқаруындағы «BMW-520» маркалы мемлекеттік белгісі 953 DNA 11 автокөлігімен облыс орталығының Ғ.Мұратбаев көшесіндегі №8 мектеп-интернат тұсында жолдың жасанды кедергісін айналып өтіп, қос жалпақ сызықты баса отырып қарсы бағытқа шығып кеткен. Осы оқиғаға орай әкімшілік полиция қызметкерлері ҚР Жол жүрісі қағидасының 9-бөлімі 2-тармағының талаптарын сақтамай, ӘҚБТК 596-бабының 5-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін жасөспірімге қатысты әкімшілік құқық бұзу туралы хаттама толтырып, сотқа жолдаған болатын. Осы жылғы 13 ақпандағы сот қаулысымен құқық бұзушы А. кінәлі деп танылып, табысы болмауына байланысты заңды өкілі – анасы С.-ға 10 АЕК мөлшерінде, яғни 22690 теңге айыппұл салынған.
Кәмелетке толмаған Е. 19 қаңтарда түнгі сағат 22.00-де Тасбөгет кентінің Есенов көшесіндегі «Нұртөрем» азық-түлік дүкенінде азамат А.-ны балағаттап қоғамдық тәртіпті бұзған, айналасындағыларға сыйламаушылық танытқан. Әкімшілік соттың 1 наурыздағы қаулысымен кінәлі деп танылған жасөспірім Е. жауаптылықтан босатылып, оған заң талаптары түсіндірілген.
Тағы бір құқық бұзушы кәмелетке толмаған Н. Тасбөгет кентінің Аманкелді көшесінде шемішке қалдығын тастап, ортақ пайдалану орындарын ластаған. Оның осы іс-әрекетіне Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы жасөспірімге ҚР ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігімен хаттама толтырып, шешім қабылдау үшін сотқа жолдаған болатын. Қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының 12 қаңтардағы қаулысымен кінәлі деп танылған құқық бұзушы Н. ҚР ӘҚБтК 68-бабының  талабына сәйкес жауаптылықтан босатылып, кодекстің 69-бабының 1-бөлігімен заң талаптары түсіндірілген.

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз