Константин Луца Абайдың әнін айтып бас жүлде иеленді

48

0

Константин Луца Абайдың әнін айтып бас жүлде иеленді2015 жылдың 27-28 ақпанында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні
қарсаңында этномәдени бірлестіктердің көркемөнерпаздарының қатысуымен
Астана қаласында «Менің Қазақстаным» атты республикалық музыкалық
фестиваль өткізіліп,  «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы»
мега-жобасының қорытындысы шығарылды.

Бұл туралы облыстық ассамблея хатшылығының баспасөз қызметі хабарлады.

27 ақпан күні «Менің Қазақстаным» атты
республикалық музыкалық фестиваль екі аталым бойынша өтті: Қазақ
халқының ұлттық аспаптарында күй тарту және қазақтың халық әндері мен
қазақ композиторларының әндерін орындау.

Бірінші аталым бойынша Қазанғап атындағы
Қызылорда музыкалық колледжінің студенті Кристина Тигай қатысып, Нұрғиса
Тілендиевтің «Аққу» күйін орындады. Ән аталымы бойынша қатысқан
«Болашақ» университетінің  2-курс студенті Константин Луца Абайдың
«Айттым сәлем Қаламқас» әнін тебірене орындап, жұртшылықтың көңілінен
шықты. Әуенді жүрегімен айтып, көпшілікке жеткізе білген К.Луца
фестивальдің Бас жүлдесімен марапатталып, 250 мың теңге сыйлыққа ие
болды.

28 ақпан күні республика көлемінде екі жылдан
бері жүргізіліп келе жатқан «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы»
мега-жобасының қорытындысы шығарылды. Барлық облыстар Қазақстан халқы
Ассамблеясы хатшылығының Дипломымен марапатталды.

Облыстан 15 адамнан тұратын арнайы делегация
жасақталып барды. Делегация құрамында облыстық ассамблеяның, этномәдени
бірлестіктердің, қоғамдық келісім кеңестерінің, аналар кеңесінің
белсенді мүшелері мен этномәдени бірлестіктерге ұдайы қолдау көрсетіп
келе жатқан демеушілер болды.

Делегация ҚХА хатшылығының басшыларымен кездесіп, түрлі шараларға қатысып, Астана қаласын 2 күн аралап, елге  оралды.

Бұл шараларға Қызылорда облысының  делегациясы ғана барғанын атап өту керек, – делінген хабарламада.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз