Корейлік ғалымға Қорқыт Ата университетінің құрметті докторы атағы берілді

39

0

Корейлік ғалымға Қорқыт Ата университетінің құрметті докторы атағы берілдіҚорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне Корея Республикасының Кангнам университетінің профессоры Ким Фил, университеттің 20-ға жуық студент-жастары және «Муданг Ильбо» газетінің бас редакторы Ким Габ Дже мырза арнайы келді. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәртебелі меймандар алдымен «Елбасы және Тәуелсіз Қазақстан» атты оқу-көрме залымен «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының көрме залын аралап, құнды жәдігерлерді тамашалады.

Корея Республикасынан келген делегация одан әрі университеттің оқытушы-профессорларымен кездесті. Жиында сөз алған университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов: «Біздің Корея Республикасының жоғары оқу орындарымен байланысымыз тығыз. Бұл байланыстың тарихы тереңде жатыр. Қазіргі таңда тілдік бағдарламалар бойынша және әріптестік байланыстарды дамыту аясында студенттер мен оқытушылар Кангнам, Кенги, Чун-анг университеттерінде, Кангвон және Андон ұлттық университеттерінде біліктіліктерін көтеруде» – деп, «Муданг Ильбо» газетінің бас редакторы Ким Габ Дже мырзаға университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің философия докторы Құрметті атағын берді. Өз кезегінде Ким Габ Дже мырза: «Қазақстанда өзінің тарихы және дәстүрімен мақтана алатын Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің философия докторы атағын алу мен үшін үлкен құрмет. Білім ордасы 1937 жылы Қиыр Шығыстағы Корей педагогикалық институтының Сыр өңіріне көшірілуі негізінде іргетасы қаланып, бүгінгі күні іргелі жоғары оқу орындарының біріне айналып отыр. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты және университет бағдарламасы бойынша корей тілін дамытуға қызмет жасаймын», – деп сендірді.

Корея Республика елшілігінің ағарту орталығы мен халықаралық бірлесіп қызмет жасау жөніндегі Корей агенттігінің оқытушы-волонтерлері 1992 жылдан бастап Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде жұмыс жасайды. 2013-2014 оқу жылында университетте «Ағылшын тілі – екі ағылшын тілі», «Ағылшын-Корей», «Ағылшын-Араб», «Ағылшын-Қытай» тілдері оқытылуда. Соның ішінде 9 студент ағылшын-корей тілдерін таңдап, білім алуда.

Жиын соңында Корея Республикасынан келген делегация ұжымына естелік сыйлықтар тапсырылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз