Көркемсөз оқу шеберлері

77

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана­сында Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің ХІХ облыстық байқауы өтті. Байқауға Қызылорда қаласы мен барлық аудандардан 17-35 жас аралығындағы 16 талапкер қатысты. Биылғы байқаудың ерекшелігі сайысқа мемлекеттік қызметкерлер де қатысты.
Талапкерлер байқауда Оралхан Бөкейдің шығармашылығымен қоса, басқа да қазақтың белгілі ақын-жазушыларының кез келген көркем және драмалық шығармаларынан үзінді оқыды. Талапкерлердің өнерін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Айман Айтбаева басқарған қазылар алқасы бағалады. Байқаудың сарапшылары үміткерлердің өнерін бағалау кезінде олардың көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, мәтінді таңдау талғамына, сахналық оқу шеберлігіне, сондай-ақ, сахналық киім мәдениетіне баса назар аударды.
Байқау қорытындысымен Қазалы ауданы, Кәукей ауылының тұрғыны Айсұлу Насыр І орынды жеңіп алды. Ал Арал ауданындағы №13 орта мектептің география пәні мұғалімі Алтынбек Қыстаубаев келесі жүлделі орынға лайық деп танылса, Жаңақорған ауданындағы №1 «Кәмшат» балабақшасының әдіскер-психологы Айдын Кекілбаева ІІІ орынға ие болды. Қызылорда медициналық жоғары колледжінің студенті Ердос Төлебаев, «Болашақ» университетінің студенті Қымбат Тоқтанова, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің студенті Назгүл Садықоваға ынталандыру сыйлықтары табысталды. Байқау жеңімпаздары басқарманың дипломдарымен және ескерткіш сыйлықтарымен марапатталды.
 
Шынар БЕКБАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз