Көштің іркіліссіз дамуы үшін Елбасының да алаңсыз жұмысына жағдай жасау қажет – Қ. Көшербаев

84

0

Көштің іркіліссіз дамуы үшін Елбасының да алаңсыз жұмысына жағдай жасау қажет - Қ. КөшербаевКөштің іркіліссіз дамуы үшін Елбасының да алаңсыз жұмысына жағдай жасау қажет. Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезі барысында сөз сөйлеген Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев осылай айтты.

«Бүгінгі біздің елдік мақсатымыз – әлемдегі озық дамыған отыз мемлекеттің қатарына ену. Бұған қол жеткізу бағдары айқындалды. Мемлекеттік басқару жүйесі қалыптасты, Ұлттық қор арқасында айтарлықтай қор жинақталды. Сыртқы дағдарыстың әсері болмай қоймайтын қазіргі таңда біз даму қарқынын төмендетуіміз мүмкін, бірақ бағдардан танбаймыз», – деді Қырымбек Көшербаев.

Бұдан бөлек, өңір басшысы алдағы жұмыстың басымдығы экономикадағы құрылымдық реформалар мен оны әртараптандыру болып табылатынын алға тартты. Ал мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындау бұл өз алдына. Бұл ретте Қ. Көшербаев Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасына тоқтала келе, оның сыртқы дағдарыстық факторларға жауап беретін лайықты бағдар екенін атап өтті. «Нұрлы жол» арқасында жаңа жұмыс орындары құрылып, жаңа жағдайлар қалыптаса бастаған.

« Елбасы бәрін жасады, өкілеттік берді, қаражат аударылады, ал бізге соны сапалы атқару ғана қалды. Мәселен, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Қызылордада берілетін баспана үш есеге артады. Бүкіл өңірді газдандыру да басталып отыр. Жаһандық дағдарыс жағдайында қайсы ел осындай ауқымды шараларды қолға алып, жүзеге асырып жатыр?», – деп атап өтті облыс әкімі.

Сонымен қатар, өңір басшысы бүгінгі жетістік «болдым толдым» дегенді білдірмейтінін, ел алдында барды баянды ету мақсаты тұрғанын айтты. «Көштің іркіліссіз дамуы үшін Елбасының да алаңсыз жұмысына жағдай жасау қажет. Алдағы сайлау елдік парасат пен намыс, жауапкершілік сыналар сәт. Әрбір қазақстандықтың Елбасыға деген құрметі мен риясыз көңілі тарихи шынайы сенімінің белгісі», – деді әкім. «Халыққа қамқор, елге жанашыр, жерге ие, әлсізге жақ, дауға әділ болып ғаламның бабын, істің ретін, елдің сәнін келтірген Сізге кәміл сенеміз», – деді ол.

ҚазАқпарат

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз