Кәсіпкерлер палатасында облыс прокуроры қабылдау өткізді

80

0

Кәсіпкерлер палатасында облыс прокуроры қабылдау өткіздіҚызылорда облысының кәсіпкерлер палатасында облыс прокуроры Дəуешов Халидулла Зинуллаұлы кәсіпкерлерді жеке мәселелері бойынша қабылдады. 
Ерекше атап өткен жөн, кездесуге бизнес өкілдері белсенді қатысты. Нақты айтқанда прокурордың қабылдауында 15 кәсіпкер болды. Жалған кәсіпкерлік мәселесі біздің облысымызда әлі де өзекті болып отыр. Жеке қабылдауда бірнеше кәсіпкер қазір осы мәселенің құрбаны болып отырғандығын айтып, уәкілетті органдардың қабылдап отырған шараларына наразылықтарын білдірді. 
«Мега LTD» ЖШС директорының орынбасары Иосиф Ким жалған кәсіпкермен жұмыс жасаған контрагент ретінде Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне жауап беріп жатқандықтарын жеткізді. Кәсіпкер: «Біз жұмыс жасаған кәсіпкерлік нысанына қатысты «жалған кәсіпкер» ретінде тану туралы сот шешімі шықпаса да, контрагент ретінде салықтарды төлеу жөнінде ескертпе хаттар келіп жатыр. Мұнан өзге аталмыш орган тарапынан шақыртып, тергеу шарасы ұзаққа созылып кетті. Соңғы айдың өзінде 5 рет шақырды бізді», – дейді.
«Жалған кәсіпкерлік» мәселесінің келесі «құрбаны» «Орион» ЖШС-нің директоры Шалқар Жаңабергенов. Ол: «Бізге соңғы 5 жылдан бері «жалған кәсіпкермен» жұмыс жасағансың деп, қомақты салықты төлеуді жүктеуде. Біз осы жылдар аралығында салығымызды уақытылы, үзбей төлеп келдік. Жұмыс жасаған кәсіпкердің «жалған кәсіпкер» екенін қалай анықтаймыз? Олардың құжаттарын терең зерттей алмаймыз. Арамыздағы келісім-шарт негізінде жұмыстар атқарылды. Егер ол субъекті таза жұмыс жасамаған болса 5 жылдан бері неге анықтамаған. Неге қазір ғана анықталып отыр? Біз қазір жұмыс жасай алмай отырмыз. Счеттарымыздың барлығын жауып тастаған», – дейді. 
Мұнан өзге, қаладағы жер телімі, мемлекеттік сатып алу мәселелеріне қатысты да шағымданған азаматтар болды. Облыс прокуроры Халидулла Зинуллаұлы кәсіпкерлердің мәселесін мұқият тыңдап, әр факті бойынша жан-жақты зерттеп, тиісті шара қабылдайтындығын жеткізген болатын.
17 наурызда облыстық прокуратурада болған алқа мәжілісінде прокурор аталмыш мәселені қатаң бақылауына алатындығын жеткізіп, «жалған кәсіпкерлікке» қатысты әр факті мұқият зерттелетіндігін жеткізді. 
Қызылорда облысы
 кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз