Кәсіпкерлер сайлауға белсенді қатысуға шақырды

56

0

Кәсіпкерлер сайлауға белсенді қатысуға шақырды«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бастаған «Әркімнің дауысы маңызды!» республикалық науқаны қызылордалық кәсіпкерлер тарапынан кең қолдауға ие болуда.

Бүгінде Қызылордада Кәсіпкерлер палатасымен әзірленген Палатаның логотипі мен науқан слоганы жазылған стикерлер отандық өнімдерге жапсырылуда. Осылайша өнімді алған тұтынушылар сайлаудың өткізілетін күні туралы хабардар болып отырады.
Бүгін облыс орталығындағы ірі сауда орталығы – «Small» сауда желісі акцияға қолдау білдіріп, сауда қатарларындағы қазақстандық өнімдердің барлығына «Әркімнің дауысы маңызды!» атты арнайы стикерлерді жапсырып шықты. Айта кету керек, аталмыш сауда орталығында 25 мыңнан астам тауар түрі бар және тауар түрлерінің 70 пайызға жуығы қазақстандық өнімдер.
«Small» брендімен жұмыс жасайтын «Скиф Трейд» ЖШС бас директорының орынбасары Ғалымбек Жақсылықов Президент сайлауы – елдегі ең басты маңызды саяси оқиға екендігін айта отырып: «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасын біз – қызылордалық кәсіпкерлер толығымен қолдаймыз. Акция аясында бүгін қазақстандық өнімдерге арнайы стикерлерді жапсырып шықтық. Осы шара арқылы барлық тұтынушыларымызды сайлауға белсенді қатысып, маңызды шарада өз таңдауларын жасауға шақырудамыз», – деді.
Сонымен қатар, сауда орталықтарында, дәмханаларда, мейрамханаларда – барлық жерлерде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының күнтізбелері орналастырылды. Олар қызылордалықтарға еліміз үшін ерекше маңызға ие оқиғаға дейін қанша күн қалғанын ескертіп отырады.
Айта кету керек, бүгінгі күнге дейін облыста 400-ге жуық нысанда арнайы күнтізбелер ілініп, 20-ға жуық жергілікті тауарөндірушілердің тауарларына арнайы стикерлер жапсырылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз