Кәсіпкерлік – тұрақтылық кілті

56

0

Кәсіпкерлік – тұрақтылық кілтіҰлттық экономикамыздың жетекші күші – кәсіпкерлікті қолдау қашанда маңызды. Өйткені, кәсіпкерлік экономиканың тұрақтылық кілті екендігі әлем тәжірибесінде дәлелденген. Осыған орай облыс¬тағы бұл саланың дамуы мен «100 нақты қадам» ұлт жоспарының «индустрияландыру және экономикалық өсім» бағытының жүзеге асырылуы бойынша демократиялық күштердің аймақтық коалициясы отырысы болды. Кезекті басқосудың тізгінін «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев ұстады. 
 Кәсіпкерлікті қолдау мемлекетіміздің басты саяси бағытына айналды. Облыста шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 39866 болса, оның 81,2 пайызы жеке кәсіпкерлер. Биылғы жылдың өзінде кәсіпкерлікті қолдауға 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Жиында сөз алған облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұржан Өмірсерікұлы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша аймағымызға бөлінген 1 млрд 675 млн  теңгенің 96,3 пайызы игерілгенін тілге тиек етті. Сонымен қатар ісін жаңадан бастаған ауыл кәсіпкерлері үшін  жыл басында 19 млн теңге қайтарымсыз несие қарастырылып, толық игерілді.   «МикробизнесҚызылорда» жоба¬сын іске асыру бойынша биыл облыс бюджетінен 360 млн теңге бөлінді. Ал «Атамекен» ұлттық палатасынан 300 млн теңге бөлінді.  
Басқосу барысында облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова бүгінде халыққа қызмет көрсету орталықтарында инвесторлық сектордың жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Бұл сектор жұмыс жасағалы бері 100-ден астам кеңестер беріліп, қызметтер көрсетілген. «Инвестиция тарту мақсатында облыста «Байқоңыр» инфестициялық форумы 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Жылына екі рет өткізілетін форум биылғы жылдың мамыр айында 7-ші рет өткізілсе, қараша айында тағы да ұйымдастырылмақшы. Сол форумдар аясында ірі жобаларға инвесторлар тартуға қол жеткізілді», – дейді Жанар Серікқызы.
Айсәуле САҒАТБЕКҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз